«Нұрлы жер»: Биыл Атырау облысында 6,5 мың отбасы баспаналы болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Атырау облысында 6,5 мың тұрғын үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Атырау облысында биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 800 мың шаршы метр немесе 6,5 мың тұрғын үй салу көзделіп отыр.

«Биылғы І тоқсанда салаға 8,1 млрд теңге инвестиция бағытталып, жалпы ауданы 149,6 мың шаршы метр болатын 1287 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Атырау облысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 20,3 млрд теңгеге 95 жоба іске асырылып, 925 адам жұмыспен қамтылады.

Кредиттік немесе жалға берілетін 620 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 13 жобаны іске асыру үшін 5 млрд теңге қарастырылған. Биылғы І тоқсан қорытындысында әкімдікке 1,1 млрд теңге аударылды, қаражат толық игерілген. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метр болатын 157 жалға берілетін пәтер пайдалануға беріледі. Халықтың аз қамтылған әлеуметтік топтарына, көпбалалы отбасыларға берілетін ол баспаналардың құрылысына 480 адам жұмысқа тартылады», - делінген ақпаратта.

Ал кредиттік тұрғын үй құрылысына 43 жобаны іске асыру үшін 5 млрд теңге қарастырылған. Оған 27,8 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 463 пәтер пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, 2% несиемен «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен облыс әкімдігіне 2,4 млрд теңге қарыз беру қарастырылған. Оған 239 баспананы ұсыну көзделген.

«Облыста тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге 39 жобаны іске асырылады. Ол мақсатқа 10,3 млрд теңге қарастырылған. Биылғы І тоқсанда ол қаражаттың 2,8 млрд теңгесі аударылып, 2,2 млрд теңгесі игерілді. Аталған жобаларда 445 адам жұмыспен қамтылады», - делінген министрлік мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар