Нұрлы жер: Степняк қаласында көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Біржан сал ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы бір 21 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бақтияр Мұстафиннің айтуынша, Степняк қаласында 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған.

«Бұл үйдің құрылысы өткен жылдың қазан айында аяқталды. Мұндағы пәтерлерге 22 наурызда көпбалалы отбасылар, жетімдер үйінің тәрбиелушілері, тұрғын үй кезегінде тұрғандар және бюджеттік мекеме қызметкерлері қоныстанды», - дейді Бақтияр Мұстафин.

Құрылыс бөлімі басшысы атап өткендей, өткен жылдың күзінде тағы 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Ол үшін мердігер компания «Оңтүстік құрылыс компаниясы» жауапкершілігі серіктестігімен 190 миллион теңгеге келісімшарт жасалды.

Абылайхан көшесінің бойында салынып жатқан бұл үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы қазір қарқынды жүргізілуде. Ғимараттың қабырғалары тұрғызылып, төбесі плитамен жабылуда. Сонымен бірге, есік, терезесі орнатылуда. Жоба бойынша бұл тұрғын үйді биылғы жылғы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.

Алдағы жылдары аудан орталығында осындай көппәтерлі тағы бірнеше тұрғын үй салынатын болады. Бұл үйлердің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар