Нұрлыбек Ожаев ауылды жерлерді қолдауға қатысты ұсыныстар айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлыбек Ожаев ауылды жерлерді қолдауға қатысты ұсыныстар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде еліміздегі жалпы тұрғындардың 41 пайызы немесе 7 млн халқы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл - мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, АӨК саласында инновацияларды іске асыру және инвестицияларды тарту орталығы. Елбасы 2019 жылы бастамашы болған жобаның мақсаты ауылдағы тұрмыс жағдайын жақсарту болатын. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасымен осы жоба аясында 3500 ауылды жаңғырту қарастырылған. Осы міндетті іске асыру - ауылдық жерлерді кешенді дамытуға жағдай жасайды және ауылдық елді мекендердің көпшілігін өңірлік стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында атап өтті. Өңірлік стандарттарға сәйкестендіру ауыз сумен қамтамасыз етуді, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті, тұрғын үй құрылысын, жергілікті маңызы бар сапалы жолдарды, жарамды инженерлік желілерді қамтамасыз етуді білдіреді», - деді Н. Ожаев ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Депутаттың пайымынша, мұның бәрі, сапалы жоспарлау және жүйелі қаржыландыру жағдайында мүмкін.

«Ал, іс жүзінде нені көріп отырмыз? Жалпы, «Ауыл - Ел бесігі» жобасын жоспарлау кезінде 2021 жылы 480 ауылды жаңғыртуға 135 млрд теңге бөлініп, 1 140 жобаны іске асыру көзделген болатын. Алайда, 135 млрд теңгенің тек 106-сы ғана бөлінді, бұл көзделген қаражаттың 78%-ын құрайды. Бұл жағдайда орындалмаған міндеттемелерді 2022 жылы аяқтауға да болар еді, бірақ 2022 жылға арналған бюджет жобасында қаралған жоспарлы сома 570 ауыл үшін 130 млрд орнына тек 62 млрд теңге ғана қаржы көзделуде, бұл жоспарланғаннан екі есе аз. Мұндай ресурстармен 2021 жылғы тапшылықты өтеу түгілі, тіпті 2022 жылдың міндеттерін жартылай орындау да мүмкін болмайды», - деді ол.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, «Nur Otan» партиясының фракциясы шұғыл түрде:

- лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін бекіте отырып, партия бағдарламасындағы мақсаттарды бюджет жағынан қамтамасыз етудегі олқылықтарды жою және ауылдық өңірлерді қолдау жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді;

- бюджетті нақтылау кезінде, мерзімінде және мүлтіксіз қамтамасыз ету мақсатында «Nur Otan» партиясының Жол картасын қаржыландырудың нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, таяудағы 3 жылға арналған жобалар пулын ұсынуды;

- болашақта жобалау-сметалық құжаттаманы жоспарлау және әзірлеу үшін қаржыландырудың болжамды лимиттерін өңірлерге алдын ала жеткізуді;

- өз кезегінде, жергілікті әкімдіктер, облыстық жол карталары мен аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес, бюджеттік өтінімдерді әзірлеу жұмыстарын күшейтуді талап етеді.


Соңғы жаңалықтар