Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысты, деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейнеконференция режімінде Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығына арналған Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге бұл саяси іс-шараға қатысуға шақырып, сөз бергені үшін ризашылық білдірді.

– Бүгінгі саммиттің «Халықты бақытқа бастау – саяси партиялардың жауапкершілігі» атты тақырыбы өте өзекті, ол мен басқаратын «Nur Otan» саяси партиясы жұмысының негізгі мәнін көрсетеді. Биыл менің елімнің тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Басты саяси күш ретінде біз алғашқы күннен бастап партияның негізгі басымдықтарын айқындап алдық: халық пен тұтас қоғамның әл-ауқатын арттыра алмаса – партияның жеңістері мен жетістіктерінің құндылығы болмас еді, – деді Елбасы.

Елбасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне ерекше тоқталып, оған көбіне «Nur Otan» партиясына отандастарымыздың тарапынан көрсетілген сенім мен қолдаудың арқасында қол жеткенін атап өтті.

– Біз әлеуметтік бағдар ұстанған ел ретінде азаматтардың лайықты тұрмысы мен Қазақстанның жаңғыруын қамтамасыз ету жұмысын әрі қарай жалғастырамыз. Біздің мақсатымыз – 2050 жылы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы Қытай тарапы бастамашы болған саяси бірлестіктер деңгейіндегі көпжақты диалогқа арналған жаңа тұғырнаманы дамыту туралы өз ойын ортаға салды.

– Covid-19 пандемиясы жаһандық сын-қатерлерді халықаралық әріптестік пен бір-бірімізді қолдау арқылы ғана тиімді еңсере алатынымызды тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл тұста саяси партиялар маңызды рөл атқара алады және атқаруы керек. Осы орайда халықаралық қатынастардың қазіргі моделі тең құқыққа, барлық тараптардың дәстүрлерін, құндылықтары мен ерекшеліктерін құрметтеуге негізделуге тиіс екені анық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

«Nur Otan» партиясының төрағасы қазір әлемнің барлық елдері арасында Covid-19-ға қарсы вакциналарды біркелкі және әділ тарату ісінде кооперациялық тәсілді пайдалану қажеттігін айтты.

Елбасы сондай-ақ саяси партиялардың жаһандық сын-қатерлерді барынша азайту және дамудағы теңсіздікті азайту бағытындағы жұмысының маңыздылығын атап өтті.

– Әлемде біздің аудиторияның үні әлдеқайда айқын әрі қаттырақ естілгені жөн. Атап айтқанда, саяси партиялар геосаяси шиеленісті еңсеруге үлес қосу үшін өзара ықпалдастықты арттыра түсуі керек деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы «Nur Otan» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосып жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар