Нұржан Нұрсипатов: Парламент Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға дайын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент тапсырмасымен әзірленетін «Қоғамдық бақылау туралы» заңның жобасын талқылауға түрлі әлеуметтік топ өкілдерін тарту қажет. Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты осындай пікірді Парламент Сенатының депутаты Нұржан Нұрсипатов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында көптеген маңызды мәселелерді қамтыды. Әсіресе, Президент қоғамның жегі құрты – сыбайлас жемқорлықпен күреске ерекше назар аударды.

Қазіргі таңда осы індетпен күрес барынша жүйелі сипат алды десек, қателеспейміз. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәселен, «Волонтерлер жылы» аясында азаматтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «ADAL KÓMEK» жобасы іске қосылды. Онда азаматтық және қылмыстық құқық саласындағы заңгерлер, адвокаттар мен нотариустар кеңес береді. Бүгінге дейін осы платформа арқылы әлеуметтік осал топтардан шыққан 11 мыңнан астам азамат танымал заңгерлерден тегін кеңес алды», - деді депутат.

Н.Нұрсипатов атап өткендей, дегенмен, атқарылатын жұмыс әлі де шаш-етектен.

«Президент айтып өткендей, «енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн».

Осы орайда, қоғамның жегі құртымен күресте қоғамдық бақылау институтының рөлі ерекше. Мемлекет басшысы тапсырғандай, оны қолдап, тиісті құқықтық негіз қалыптастырсақ, сыбайлас жемқорлықпен күресте ілкімді нәтижеге қол жеткізетініміз анық. Президентіміз халыққа Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Сенат алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты тиімді жүргізуге барын салатынына сенімдімін», - дейді сенатор.

Халық қалаулысының айтуынша, заң жобасын талқылау барысында қоғамдық кеңестер құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің енуіне мүмкіндік жасаған жөн. Өйткені, кез келген саланың ұңғылы мен шұңғылын сол салада қызмет істеп жүргендер жақсы білетіні анық. Ендеше, соларды қоғамдық бақылауға тартып, олардың өз үндерін жеткізуге қолайлы жағдай жасаған жөн.

«Президент қоғамдық бақылауды күшейту ісін де басым міндеттердің бірі ретінде атады. Яғни, мемлекеттік органдар қоғамның қолдауынсыз жемқорлықтың жегі құртын жеңе алмайды. Сондықтан халқымызда адалдық идеологиясы қалыптасуы тиіс. Мемлекет басшысы айтып өткендей, сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараны атқаруға үкіметтік емес ұйымдар зор үлес қоспақ. Сондай-ақ олар нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыса алады.

Қорыта айтқанда, Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға Парламент бел шешіп кірісуге дайын. Оған уақыт жеткілікті. Ең бастысы – біз қабылдаған заң жобасы қоғамның игіліне, мемлекеттің дамуына жұмыс істеуі тиіс», - деп түйіндеді ол.


Соңғы жаңалықтар