Нұржан Темірханов: Елордада салынған жол халыққа ұзақ қызмет етуі тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Басқарушы билік арасында«Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы» деген ұғынықты формула қалыптасып келеді. Шынығында қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттің тұтастай алғандағы даму қарқыны мен сипатын айқындайды. Соның ішінде бас қаланың жол сапасы да елорда тұрғындары үшін бірінші кезектегі өзекті мәселе. Қалаға келген қонақтар да жолына қарап, қаласын танитындығы анық. Осыған орай «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Нұржан Темірхановпен сұхбаттасқан едік.

- Сіз мекеме басшысы ретінде емес, қарапайым тұрғын ретінде елорда жолдарының сапасын қалай бағалар едіңіз?

- Нұр-Сұлтан қаласында жалпы айтқанда жолдардың сапасы жақсы деп айтар едім. Алайда кем-кетік жерлер де жоқ емес. Ол әсіресе жеке сектордағы көшелерде байқалады. Мысалы орташа жөндеу жұмыстары әр үш жыл сайын орындалып отырады, сол сияқты жөндеу жұмыстарының және басқада жұмыстардың өз мерзімі бар. Біз осы соңғы жылда кәсіпорын құрылғалы бері Елордамыздың жолдарының сапалы болып салынуымен жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалауды мықтап қолға алдық. Жуырда «Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесімен, техникалық қадағалаушы мердігерлік ұйыммен, мердігерлік ұйымдармен және суб мердігерлі ұйымдармен, асфальт-бетон зауыттарымен жалпы соммасы 85 млн. теңгеге келісім-шартқа отырдық. Ол шартта күнделікті салынып жатқан қала көшелеріндегі құрылыс, қайта салу, жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарында пайдаланылатын жол-құрылыс материалдарымен орындалып жатқан жұмыстарды бақылауға яғни жол сапасын жедел бақылауды жүргізу бойынша қызметтерге тапсырыс берілді.

- Әйтсе де, неге бізде кейбір жолдар жылда жөнделеді? Тұрғындар бұған наразы.

- Рас, ондай проблема жоқ емес, бар. Жол салу ісінде мер­­дігер кәсіпорындардан біз нормалық құжаттардың талаптарына сәйкес және жоба бойынша бекітілген талаптарды сұраймыз. Болмаған жағдайда, қандайда бір сәйкес келмейтін жайт­тар бойынша тиісті «Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мекемесімен, тиісті мекемелерге шығыс хат пен сынақ хаттамаларымызды жіберіп, нормалық және жобалық талапқа сай қайта жөнделуін біздің тарапымыздан қадағалап, орындалуын талап етеміз. Себебі бола­шақ­та салынған жолдың халыққа ұзақ жыл қызмет етуі маңызды. Сондықтан мердігер кәсіпорындар бізге үрке қарамай, керісінше бір­лесіп жұмыс істеуіміз керек. Себебі, жыл сайын қазынадан қаражат бөліне бермейді. Яғни берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, сапалы, біраз жылға қызмет ететін жолдардың дұрыс салынуын талап етудеміз. Жасыратыны жоқ, еліміздегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері жиі тіркелетін жол саласында ақпарат ашықтығы қаражаттың қайда, қалай кеткені жабулы күйінде қалады. Бұл ақпарат мердігер ұйым мен әкімдік арасында ғана қалып қояды. Сондықтан «ақша бөлінгенімен жолдың сапасы сын көтермейді» деген қара бояуы қалыңдау пікірдің тууы заңды.

- Егер жол құрылысы кезінде ақау табылса, сіздер не істейсіздер? Жауапты мекемені жазаға тартуға бола ма?

Мекеме заманауи зертханамен қамтылған. Жылжымалы зертханамыз, өз ісін білетін, сараптама жасайтын білімді мамандарымыз бар. Санаулы уақытта материалдың нәтижесін шығарып береді. Егер жол құрылысы кезінде ақау табылса, жауапты мекеме ескертіледі. Сапасыз материалды қолданыстан алып тастауға әрекет жасаймыз.

- Ұлттық сапа орталығының құрылғанына бір жыл толды. Қанша маман жұмыс істейді? Кадр жетіспеушілігі бар ма? Егер болса оны қалай шешіп жатырсыздар?

Бір жылдың ішінде атқарылған істер аз емес. Шынын айту керек, бастапқыда бізден жатырқап, мекеме жұмысының алға басарына күмәнмен қарағандар болды. Ондайда не істемек керек? Іспен дәлелдеп, жаңа идеялар тауып, жұмысты ширату керек болды. Біз ол асудан сүрінбей өттік- деп айта алам. Біздің филиал 2019-20 жылдар аралығында шамамен 165 рет тексеруге шықты. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 336 сынама үлгісі алынып, 64 данасының талапқа сай еместігі анықталды. Яғни асфальт салатындар сіз бен біз жүретін жолға сапасыз материал пайдаланған. Мердігерлерге 66 рет ескерту жасадық. Жалпы жол саласында кадр мәселесі өзекті. Біздің мамандар карантинге дейін қаладағы бірнеше мектепке барып, жол саласы мамандығын насихаттады. Нәтижесі де жақсы болды. Көптеген түлектер қызығушылық танытып, болашақтарын осы салаға бұрғысы келетіндерін айтты. Қазір біздің мекеме жаздағы демалыста студенттерді ақылы жұмысқа шақыруда. Бұл бір жағынан жастарға қаржылай көмек, екінші жағынан «жолшы»- деген мамандықты таңдауға септігін тигізеді.

- Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар