Өлім жазасының күшін жою: Кодекске түзетулер Парламент қарауына енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Бүгін Сенаттың жалпы отырысында өлім жазасының күшін жою бойынша заң жобасы Парламент қарауына қашан енгізілетіні айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басында Қазақстан өлім жазасының күшін жоюға бағытталған халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады. Оны жүзеге асыру тұрғысында Қылмыстық кодекске тиісті түзетулерді пысықтау талап етілді. Осы орайда бұл бағыттағы жұмыстар қай кезеңде тұр?», - деп сұрады сенатор Сергей Ершов.

Өз кезегінде ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Берік Асылов бұл ретте заң жобасының концепциясы әзірленгенін атап өтті.

«Концепция нормативті-құқықтық актілердің қоғамдық порталдарында талқыланды. Ақпан айында ведомствоаралық комиссия өтіп, Үкімет оны мақұлдады. Қазіргі кезде Бас прокуратура тарапынан заң жобасы даярланды және құжат сараптамадан өтіп жатыр. Яғни экономикалық, лингвистикалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттар бойынша талдау жасалады. Тиісті қорытындыны алғаннан соң, оны Үкіметке, содан кейін сіздерге таныстырамыз. Шамамен мамыр-маусым айларында жоспарлап отырмыз», - деді Берік Асылов сенатордың сұрағанына жауап бере отырып.

Еске салайық, 23 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойды.

Кейіннен ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның аталмыш халықаралық пактіге қосылуына қатысты түсініктеме берді.

Айта кетейік, 2020 жылдың желтоқсан айында Парламент Сенатының жалпы отырысында «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбаудың тұрақты құқықтық режимі қалыптасқан.

2021 жылдың басында Мемлекет басшысы «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.


Соңғы жаңалықтар