Олимпиада «алтынын» жеңіп алғым келеді – дзюдошы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 30 жасқа толады. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат, арманы асқақ. Солардың бірі 1991 жылы туған дзюдошы Виктор Демьяненко. Халықаралық турнирлерде ел намысын қорғап жүрген спортшы ҚазАқпарат тілшісіне өзінің жоспарлары туралы айтып берді.

Виктор Демьяненко 1991 жылы маусым айында Алматы қаласында дүниеге келді. Оның спортпен шұғылданып жүргеніне18 жыл. Ол 100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. ҚР ұлттық құрама командасының мүшесі. ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2012 жылғы Азия чемпионатында қола медалін жеңіп алды. «Ташкент-2016» және «Тунис-2018» Гран При кезеңінің қола жүлдегері. 2019 жылы Азия Кубогының чемпионы атанды.

- Дзюдомен неше жастан бастап айналыстыңыз?

- Дзюдоға 10 жасымда келдім. Спорттың осы түріне мені ата-анам жіберді. Мен споршылар отбасында өмірге келдім: әкем боксшы, анам баскетболмен айналысты, ал артымнан ерген екі қарындасым тенниске әуес. Менің көкем- Виктор Демьяненко Мәскеуде өткен бокс Олимпиада ойындарының жүлдегері. Сол кісінің құрметіне менің атымды Виктор деп қойған.

- Спорттағы алғашқы жеңісіңіз есіңізде ме?

- Менің алғашқы турнирім 12 жасымда өтті. Бұл қала біріншілігі болатын. Ол кезде қателеспесем үшінші орын алдым.

- Сіз сондай-ақ қазақ күресінен турнирлерге қатысып жүрсіз, Сізге қайсысы жақын: дзюдо ма, әлде қазақ күресі ме?

- Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Кез келген спорттың өзіндік қиындықтары бар.Менің қазақ күресінен гөрі дзюдодан тәжірибем мол. Қазақ күресі ережелер мен бағалау тұрғысынан өте қиын. Сондықтан, маған қазақстандық деңгейде спорттың осы түрінен өнер көрсету қиынырақ.

- Алға қойған жоспарыңыз бар ма?

- Мен Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға дайындалдым. Өздеріңіз білесіздер ол пандемияға байланысты 2021 жылға ауыстырылды. Енді көреміз, әлі бірнеше жарыстар бар. Мен жарақат алғам, қазір емделіп жатырмын. Жарақатыма байланысты Олимпиадаға бара алмауым да мүмкін. Жаттығуды жалғастырамын.

- Сіздің басты мақсатыңыз - Олимпиада ойындарында алтын алу ма?

- Олимпиада ойындарында алтынын алу - әр спортшының мақсаты. Өкінішке орай, оған бәрінің қолы жете бермейді. Бәрі Алланың қалауымен болады. Егер мен Олимпиаданың алтынын алмасам, онда маған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінде жеңіске жету керек.

- Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Ел тұрғындарына қандай тілек айтасыз?

- Мен барша қазастандықтарға және мемлекетімізге одан әрі дамып, өркендеуді тілеймін. Қазақстанның атын әлемге танытатын чемпиондар мен батырлар көп болсын. Ең бастысы денсаулық тілеймін!

-Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар