Оманға «Шахин» дауылы төнді

None
None
МАСКАТ. ҚазАқпарат – Оманның Төтенше жағдайлар орталығы ел астанасының тұрғындарын «Шахин» дауылынан қауіп төнуіне байланысты жақын маңдағы Эз-Захир провинциясынан қауіпсіз аймаққа көшуге шақырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қазақстанның Оман сұлтандығындағы елшілігіне сілтеме жасап.

Оман ақпарат агенттігінің мәліметтері бойынша, дауыл ошағы жағалаудан 120 км қашықтықта жатыр. Ал оның диаметрі 11-ден 14 км аралығында. Дауылдың ошағы құрғақ аймаққа бүгін сағат 18:00 мен 21:00 аралығында жетеді.

«Маскат провинциясына орташа және нөсер жауын жаууы мүмкін. Бұл ретте нөсер жауын Оңтүстік және Солтүстік Эль-Батина провинцияларына көп жауады және осы аймақта жел де күшті болайын деп тұр», -деп мәлімдеді Оман Азаматтық авиация басқармасының метеорологы Мухаммад бин Али аль-Машаихи.

Оның сөзінше, Азаматтық авиация басқармасының мониторинг станцияларында тіркелген желдің жылдамдығы сағатына 55 км-ді құрап отыр, ал екпіні сағатына 75 км-ге жетеді.

Қазіргі таңда Оман астанасындағы әуежайда барлық рейстер тоқтатылды. Жауын салдарынан судың тереңдігі 200-ден 500 мм-ге дейін аралықта болады деп күтілуде. Өз кезегінде ол су тасқынына себепші болуы мүмкін. Күннің бұзылуына байланысты ескерту де жарияланды. Судағы толқындардың биіктігі қазіргі таңда 8-12 метрге жетуі мүмкін. Оман билігі тұрғындарды жедел түрде үкімет дайындаған арнайы орындарға баруға шақырды.

Қазақстанның Омандағы елшілігінің өкілдері осы оқиғаның салдарынан зардап шеккендерің арасында қазақстандықтардың жоқ екенін мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, қазіргі таңда «Шахин» дауылы салдарынан мерт болғандар мен жоғалып кеткендер туралы мәліметтер келіп жатыр. Елшіліктің хабарлауынша, зардап шеккендер мен жоғалғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Елшілік өкілдері Оманда жүрген Қазақстан азаматтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстанып, сұлтандық билігінің кеңесін тыңдауға шақырды»,-деп хабарлады Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі.

Қазақстан елшілігінің консулдық есебі бойынша Оманда шамамен еліміздің 70 азаматы бар. Елшілік сонымен қатар жедел қызмет телефондарының нөмірін жариялады. Омандағы Қазақстан азаматтары төтенше жағдай туындағанда осы телефон нөмірлеріне хабарласуы керек.

Осы кезде Оман астанасының көптеген көшелерін су басқан. Осыған байланысты тұрғындардың қимыл-қозғалысы қиын болып тұр.

Ресейлік ТАСС агентігінің хабарлауынша, дауыл келе жатқаны туралы хабар Оман, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына сенбі күні жеткен.

Оманда жексенбі мен дүйсенбі мемлекеттік және жеке секторда ресми түрде демалыс болып жарияланды.

Циклон бірнеше күнде үнді жағалауларына жақын жерден Араб теңізінің солтүстік акваториясына қарай қалыптасып, Парсы шығанағына жақындаған тұста күш ала бастады. Табиғаттың мұндай құбылысы метеобақылау тарихында алғаш рет тіркеліп отыр. Ол осы уақытта Иран аумағынан өтті, онда жоғалып кеткендер мен зардап шеккендердің бар екені хабарланды.



Арсен Өтешев
Фото: AFP
Соңғы жаңалықтар