Омбудсменге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Омбудсменге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы беріледі. Бұл туралы ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық тәжірибеден алынып отырған тағы бір құрал - омбудсменнің Конституциялық сотқа жүгіне алу құқығы. Өйткені, келіп түскен арыз-шағымдарды талдау барысында омбудсмен заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің кемшілігін көруі мүмкін. Бірақ, оны өзі жөндей алмайды. Егер Парламентке, Үкіметке айтса, ол процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Ал енді Конституциялық сотқа тікелей жүгінеді. Конституциялық сот қарап, Ата заңға қайшы деп тапса, онда Парламент пен Үкімет, басқа да заң шығару субъектілері ол заңды түзетуге міндетті болады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, таяуда Мемлекет басшысы «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.

Ал, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына қатысты республикалық референдум 5 маусымда өтеді.


Соңғы жаңалықтар