Өмір жолын Отанға қызмет етуге арнаған генерал

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу бастауында тұрған, тарихта айтарлықтай із қалтырған көрнекті отандастарымызды еске алу орынды. Осы ретте әскери және қоғам қайраткері, Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушысы, қазақтың алғашқы генералдарының бірі Баһадүрбек Байтасовты атап өтуге болады. Биыл ол 100-ге келер еді.

АШАРШЫЛЫҚ ЖЫЛДАРЫ ӨМІРГЕ КЕЛГЕН

Болашақ генерал 1921 жылы көне Түркістанның маңындағы Ойық ауылында көшпенді жылқышы, руы саңғыл Байтас пен Рүстем бидің қызы Рабы отбасында дүниеге келген. Көне дәстүр бойынша үйде қонақ болып жатқан қарияның ұсынысымен жаңа туған нәрестенің есімін қиын қыстау заманда елдің тыныштығын қорғасын деп Баһадүрбек қойған. Ол жылдарда туған күн тізімі жүргізілмеген, сондықтан өзінің ресми туған күнін Баһадүрбек кейінірек майданда, тағдырдың белгісі ретінде, өзінің және барлық жауынгер- қызыләскерлерге символдық күн – 23 ақпан деп белгілеген.

Байтастың ұлы жауынгер болып, өмір жолын Отанына қызмет етуге және оның қорғанысын күшейтуге арнады. Генералдың тағдырына жауынгер болған оның ата-бабалары әсер еткен. Олардың ішінде Орталық Азияға аты әйгілі Кенесарының ұлы Сыздықпен бірге патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соғысқан Телқожа батыр бар.

Баһадүрбекті туыстары еркелетіп Батай деп атаған. Ол Қазақстанда совет үкіметі орнаған жылдары қиын сынақтардан өткен отбасында тәрбиеленді. Көп жыл өткен соң ол анасының ашаршылық жылдары ұнтақталған бидайды балаларына бірдей етп сіріңкенің қорабымен өлшеп беретінін есіне алып отыратын.

Барлық қиындықтарға қарамастан ата-анасы оның бойына білімге деген құштарлықты дарытты. Мектепте үздік оқып, жоғары сыныптарда мұғалімнің орнына құрдастарына сабақ жүргізген. Жас жігіт кезінде ұлы палуан Қажымұқанмен кездесу құрметіне ие болған. Мектеп бітіргеннен кейін Батай оқуды жалғастыруды арманда,, өмірін ғылымға арнап, тау-кен инженері мамандығын таңдау туралы ойлаған. Өкінішке қарай оның арманы аяқ асты болып, адамзат тарихындағы ең қантөгісті соғыс басталды.

1942 жылдың ақпанында өзінің төрт ағасынан кейін 20 жастағы Баһадүрбек майданға аттанып, зеңбірекшілер қатарына қосылды. 25-ші атқыштар бригадасының құрамында Оңтүстік-Батыс және 3-ші Украин майдандарында соғысты. Командир ретінде Сталинград түбіндегі фашистер әскерін жоюға қатысты, әйгілі Тацинская бекеті жанындағы ұрыстарға қатысып, Запорожье, Донбас және Украинаның оңтүстігін босатуға атсалысты. Майданда ол жауынгерлік шеберлігін тез жетілдіріп, үздік зеңбірекші болды. Майданда басшылық оның қолбасшылыққа бейімділігін байқап, жауынгерлер алдында патриоттық баяндамалар жасау, жолдастарының жауынгерлік рухын ояту тапсырылған.

МАЙДАНДА КӨРГЕН ТҮС

Біраз жылдардан кейін Баһадүрбек Байтасов майданда көрген түсі жайлы айтқан екен: бір алып жылан оны аяғынан мойнына дейін орап алады. Бірақ батыр бар күшін салып, босап шығып, жыланды өлтіреді. Оянған кезде ол соғыстан аман-есен қайтып, жауды жеңетіндерін түсінген екен.


1944 жылдың мамыры. Қызыл армия елді басқыншылардан азат етіп, мемлекеттік шекараға қарай жақындай түскен кез еді. Шекараны енді мықты күзету керек болды. Осы күндері батальон басшылығы талапты сержант Байтасовты Ленинград түбіндегі шекарашылар училищесіне шекарашы-офицер мамандығына оқуға жіберуді ұсынған. Осылайша көптен күткен жеңісті ол курсант болып қарсы алды.

Училищені 1946 жылы тәмамдағаннан кейін оның тағдыры ширек ғасыр бойы мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты болды. Елді мекендерге бөлу кезінде кіші лейтенант өзінің туған елі Қазақстанға баруды аңсайды, бірақ шекарашылық қызметті Термезде совет-ауған шекарасында бастауға мәжбүр болды. Елдің қиыр оңтүстігіндегі шекарада төрт жыл ауыр қызмет атқарады. Памир тауының бөктерінде жалғыз көлік құралы – жылқы болғандықтан, ол күн-түн демей уақытын ат үстінде өткізетін.

Термезде ол өзінің өмірлік жары, Қазан экономикалық унивеситетінің түлегі – Фарида Зинатуллақызын кездестірді. Баһадүрбекпен бірге бір шекара отрядында оның туған ағасы Масхуд Мухутдинов қызмет еткен. Жылдар өте олар әріптес әрі дос болып кеткен. Ол кезде әскери қызметтегі тұрмыстық жағдай өте қатал болатын: жас офицерлердің отбасы казарма ретінде жабдықталған ат қорасында тұрған. Термезде Байтасовтар отбасында Энже және Нәзия есімді екі қыз дүниеге келді.

ЕЛГЕ ОРАЛУ

1950 жылы Баһадүрбек Байтасұлына тағы да оқуды жалғастыруға ұсыныс түседі. Округ басшылығы оны жоғары әскери білім алу үшін Мәскеудегі ІІМ/КГБ әскери институтына жіберген. Төрт жыл оқу жас офицердің жанжақты білім алуына ықпал етіп, ақыл-ойын кеңейтті.

Елуінші жылдардың басында елде үлкен өзгерістер болды, Сталин дәуірі аяқталып, Хрущев кезеңі келді. Барлық тұрмыстық қиыншылықтарға қарамастан Мәскеудегі оқу кезі Байтасовтар отбасында жанға жылу сыйлайтын естелікке толы болды. Олар екі кішкентай баласымен коммуналдық пәтердегі жалдамалы бөлмеде тұрды. Оқудан бос уақытта сол бөлмеде достарымен көңілді кездесулер болып тұрған. Оның ішінде кейін Қазақстанның Азаматтық қорғаныс штабының басшысы болған генерал лейтенант Есет Алибеков сияқты жерлестері де болатын.


Әскери институтты үздік тәмамдаған соң Баһадүрбек Байтасұлының әрі қарай қызметі совет-қытай шекарасында өтті. Басында қызметті Қырғыз ССР территориясында өткізген. 1960 жылы ақыры оған туған жері Қазақстанға оралып, Бақты шекара отрядының штабын басқару мүмкіншілігі туды. Екі жылдан кейін оны Қазақстан бөлігіндегі Алтай мен Тарбағатай тау жоталарымен өтетін шекара бөлімін күзететін Қазақстандағы ең көне Зайсан шекара отрядын басқаруға жіберген.

1960-шы жылдары Совет Одағы мен Мао Цзэдун басқарған Қытай қарым-қатынасында келіспеушіліктер болғаны тарихтан мәлім. Әсіресе шиеленісті жағдай мемлекеттік шекарада қалыптасты. Қарсылас жақтан арандатушылықтар тоқтатылмады. Оларға эмоцияға берілмей, қантөгіске жеткізбей жауап қайтару керек болды. Командирге үлкен жауапкершілік артылды. Ол жеке өзі шекара бұзушыларды ұстау операцияларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысқан. Қытай әріптестерімен қарқынды келіссөздер жүргізу үшін үнемі көрші жаққа барып, елші рөлін орындауға да тура келді. Зайсандағы қызметі уақытында Шекараны күзету қызметіндегі жетістіктері үшін подполковник Байтасовқа «Қызыл жұлдыз» ордені және «Құрметті мемлекеттік қауіпсіздік қызметкері» белгісі тапсырылды, ал ол бес жыл басқарған шекара отрядына Қызыл ту мәртебесі берілді.


Зайсанда Байтасовтың ерекше басшылық, ұйымдастырушылық және тәлімгерлік қабілеттері көрінді. Ол отрядта үлкен абыройға және офицерлер мен әскерилердің құрметіне бөленді. Қашанда қарамағындағылар үшін талапшыл, әрі әділ болып қала білді.

Ол шекарада басты соққы күші солдаттар мен сержанттар деп санайтын, сондықтан оларды тәрбиелеуге көп назар аударатын. Отрядқа жаңадан келген әр адаммен жеке танысып, көбінің аты-жөндерін жатқа білетін. Көп жыл өтіп, зейнетке шыққан соң генерал еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген бұрынғы солдаттары өзін танып, амандық сұрағанда қатты қуанып қалатын.

ЖАҢА ҚЫЗМЕТ – ЖАҢА МІНДЕТ

1968 жылы Баһадүрбек Байтасұлы қызметі жоғарылап, Алматыға келіп, ұзындығы үш мың шақырымнан асатын СССР КГБ Шығыс Шекара аймағының штаб бастығының орынбасары болып тағайындалады. Ол штаб қазіргі Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің екі аймағы мен Қытай арасындағы шекараны күзететін.

Штабтағы қызметтің қарқыны отрядтағыдан кем емес еді. Ол іздестіру топтарды басқарған күндері де болған. Дәл сол кезде Жалаңашкөлде кеңес шекарашылары мен қытай әскерилерінің арасында шекара жанжалы болды. Сол жолы Шығыс Шекара аймағының әскери қатысқан ұрыстың нәтижесінде шекара бұзушылар кеңес территориясынан ығыстырылған болатын.

Ол өмірінің аяғына дейін шекара қызметін мақтан тұтатын, мерекелік әскери парадта шекарашылар тобы өткенде ерекше сезімде болатын. 1971 жылы шекарашылар қатарынан кетсе де, басқа салада қызмет етсе де шекарашылардың мүддесін қорғап жүретін. Көп жылдан кейін егемен ел болған Қазақстанның «Мемлекеттік шекара туралы» заң жобасын талқылаған парламенттік сессияда ол: «Шекарашылар қызметі – нағыз майданның өзі, мұнда минут сайын ұрыс, осымен біздің қызмет басқалардан ерекшеленеді« деген еді.

Шекарадағы қызметінен кейінгі біздің кейіпкеріміздің он алты жыл өмірі Қазақ ССР ДОСААФ Орталық комитетінің төрағасы лаузымында жастарды әскери патриоттық тәрбиелеуімен және қарулы күштерге арналған кадрлық резервті күшейтуімен байланысты болды. Мемлекет Б.Байтасовтың әскери қызметін, Отанына деген шексіз еңбегін жоғары бағалап, 1972 жылы СССР Қорғаныс министрінің бұйрығымен оған генерал-майор әскери атағын берді.

Генерал кабинетінде отыра бермей, ұйымның барлық қызмет салаларына терең үңіліп, Қазақстанның барлық облысы мен қаласына барып жүрді. Сол кезде Қазақстанда қорғаныс қозғалысы шынында бұқаралық сипат алды, ол туралы Б.Байтасовтың авторлығымен жазылған «Залог успеха» және «Воспитываем пламенных патриотов» кітаптарында жақсы баяндалған.

СОҢҒЫ САПАР

ДОСААФ қатарында ұшқыш-ғарышкер, Халық Қаhарманы, генерал-лейтенант Талғат Мұсабаев алғаш рет әуеге көтерілді. Жас кезінен Талғат Бигелдинов сияқты ұшқыш болуды армандаған, болашақ ғарышкер 1970 жылдардың аяғында Алматыдағы ДОСААФ аэроклубына келеді. Бірақ арманының орындалуына жасы кедергі болады, сол кезде межеленген жастан асып кеткен еді. Генерал Байтасовқа жас жігіттің табандылығы ұнап, СССР ДОСААФ Төрағасы, Совет Одағының үш мәрте Батыры А. Покрышкинге өтініш білдіріп, өз атынан болашағынан зор үміт күттіретін Талғатқа ұшуына қолдау көрсетуді сұрайды.

Қырық бес жыл әскери қызметтен кейін отставкаға шыққан Баһадүрбек Байтасұлы қоғам жұмысына белсенді араласты. Совет соғыс ардагерлері комитетінің Алматыдағы секциясының төрағасы болды. Ресми совет делегациясының басшысы ретінде әлемнің бірнеше елдерін аралады, соның ішінде қарулы қақтығыстар болып жатқан жерлерде болды. Ардагерлік жұмыс барысында Ауғанстан, Мали, Ангола, Бирма және т.б. елдермен ынтымақтастықты жолға қою іс-шараларына қатысты.


Баһадүрбек Байтасұлының өмірінің тағы бір жарқын беті Қазақстан тәуелсіздігі таңындағы Жоғарғы Кеңестің XXII шақырылған депутаты ретіндегі қызметі болды. Ол Қазақ Республикасының Тәуелсіздік декларациясы сияқты жас мемлекеттіліктің негізін қалаған заңдардың көпшілігін қабылдаған тарихи оқиғалардың тікелей қатысушысы болды және еліміздің символдарын бекітті. Отанының шынайы патриоты және офицер ретінде Байтасов парламенттік трибунадан әскери қызметшілердің статусы, «Жер туралы» заңды қабылдауда және тағы да басқа түрлі өткір мәселелер бойынша ұсыныстарын айтқан.

Өмірінің соңғы жылдары Алматыда зейнетте бола тұра жұмыссыз отырған жоқ. Жастармен кездесіп, курсанттар, мектеп балаларымен тәжірибесімен бөлісіп, БАҚ-қа сұхбат берген.

1996 жылдың шілдесінде Баһадүрбек Байтасұлы 76 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды. Ел құрметіне бөленген азаматты қарулы әскер соңғы сапарға құрметпен шығарып салды. Президент Н.Назарбаевтың қолы қойылған Қаралы некрологта «Оның жауынгер, патриот және азамат бейнесі халқының есінде және біздің жүрегімізде мәңгілік қалады« деп жазылған. Кейін Алматыдағы және Түркістандағы көшелерге, өзі туып өскен ауылындағы әскери-техникалық мектепке оның есімі берілді. Алматы қаласында ол соңғы жылдары тұрған Құрманғазы көшесіндегі үйдің қабырғасына мемориялдық тақта орнатылды.


Ол жарқын адам еді, музыка мен поэзияны сүйіп тыңдаса, әзілді жақсы түсінетін. Қонақжай, жолдастарына, жақындарына ашық болатын. Сонымен қатар, оның отбасына адалдығы туралы ерекше айтуға болады. Оның елу жылдай бірге өмір сүрген сүйікті жары Фарида Зинатуллақызы әрқашанда жанында болды. Қуаныш пен қайғыны тең бөлісіп, ғылым мен медицина саласында елеулі табысқа жеткен екі қыз өсірді.

Генерал Байтасовтың лайықты өмір жолы, парызға жанқиярлықпен берілгендігі және шынайы патриоттық сезімі өсіп келе жатқан буынға үлгі-өнеге болары анық.


Соңғы жаңалықтар