Өмірзақ Шөкеев мақтааралдықтарды сабырға шақырды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Мақтаарал ауданында екі ауылды су басуына байланысты халыққа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Видеода Түркістан облысының әкімі жағдайды түсіндіріп, тұрғындарды үрейге бой алдырмай, сабыр сақтауға шақырады.

«Өзбекстан тарапымен сөйлестім. Ол жақта қоймадан шыққан су тоқтатылған. Мақтааралдағы коллектордың қуаты - секундына 120 текше метр. Алайда түнімен секундына 180 текше метрден су ағып, ауылдарды су басып қалған. 4 елдімекеннен 5400 адам көшірілді. Оларға тиісті көмек көрсетіліп, қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Қазір біз су басқан өңірлерді қайтадан аралап, тексеріп шығамыз. Су басу қаупі сейілсе, халқы көшірілген үйлерді күзетке аламыз. Мүлкін, малын полиция қорғайды. Мал мен адам шығыны жоқ. Су деңгейі әлі де көтерілсе, тағы 4 елді мекеннің халқын эвакуациялаймыз. Ол - Нұрлы жол, Фердауси, Жантақсай және Жайлыбай ауылдары. Қазір дүрлігіп, үрейленбеңіздер. Бәрі реттеледі. Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды реттеуге облыстық толық мүмкіндігі бар», - дейді Өмірзақ Шөкеев.


Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су төгіліп, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда.

Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр.


Соңғы жаңалықтар