Он жасынан домбыраны жанына серік еткен Юрий Кочетыгов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулық жас домбырашы Юрий Кочетыгов домбырамын қазақ күйлерін аса шеберлікпен орындайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Юрий отбасының тұңғышы. Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыка колледжінде домбырашы мамандығы бойынша білім алады. Домбыра үйірмесіне он жасынан анасы қолынан жетектеп апарған. Алғаш рет домбыраның шанағынан төгілген сиқырлы үнді естіген оның бірден осы музыкалық аспапқа әуестігі басталады.


«Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыка колледжінде «Домбыра пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім аламын. Домбыра үйірмесіне он жасымда анам апарды. Содан бері домбыраны қолымнан тастаған емеспін. Алғашқы ұстазым Серік Сәрсенбаев болды. Сол кісіден 5 жыл бойы домбыра шертудің қыр-сырын үйрендім. Кейін менің қабілетім барын білген ол оқуға түсуге кеңес берді. Осылайша, бүгінгі күні музыка колледжінде білімді жалғастырып келемін», - дейді Юрий Кочетыгов.

Өнерлі өрен мемлекеттік тілде де мүдірмей сөйлейді. Артынан ерген қарындасы Злата да қазақ мектебінде оқиды. Ол да өнерден құр алақан емес. Ағасы сияқты домбыра, флейта аспаптарында ойнайды. Ал, ата-аналары әрдайым олардың өнеріне қолдау білдіріп, шығармашылықтарын шыңдауға үлес қосып келеді.

«Кішкентайымнан қазақ тілін меңгеріп алдым. Қазақ тілді балабақша мен мектепте оқығандықтан, сондай-ақ, айналамдағы орта әсер еткендіктен, маған қазақша үйрену қатты қиындық туғызған жоқ», - деп қосты Юрий Кочетыгов.

Осы күні Юрийдің репертуарында халқымыздың атақты күйшілерінің 50-ден астам күйі бар. Осының арқасында, ол көптеген халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың жүлдегері атанып жүр.


Соңғы жаңалықтар