Оңдасын Оразалин: Газбен қамту жұмыстары жалғасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі екі ауданды аралап, тұрғындармен кездесті. Аудан әкімдеріне тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуды, кәсіппен айналысуға шақыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оңдасын Оразалин алдымен Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы 5 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңарту жұмысымен танысты. Ауданда 1341 азамат баспана кезегінде тұр. Жөндеуден өткен тұрғын үй баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен ауған соғысы ардагерлеріне беріледі. Облыс әкімі жаңадан салынып жатқан саябақтың құрылысын, тұрғын үй аулаларын абаттандыру, көшелердің жай- күйін, және кәріз жүйелерін салу жұмыстары қалай атқарылып жатқандығын көрді. 110 ауланың 25 ауласына ЖСҚ жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. 3 ауланың жөнделуіне облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Оңдасын Оразалин бұдан соң Басшилі ауылына барды. Мұнда газ құбыры іске қосылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда басымдықты әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағыттағаны анық. Ауданда 59 372 адам немесе 88,3% көгілдір отынмен қамтылып отыр. Биылдың өзінде Басшилі, Темір көпір ауылдарына газ берілді. Халықты газбен қамту жұмыстарына ауқымды қаржы қажет болса да алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстардың саны артпақ. Мәселен, 3 жылдың өзінде Жұрын-Қаракөл, Мұғалжар ауылдарына жеткізуші газ құбырын және ауылішілік газ бөлу желілерін салу жоспарланған»,- деді Оңдасын Оразалин. Аймақ басшысы бұдан соң Сағашилі ауылындағы «Ramco Holding» ЖШС аз тонналы мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты.145 азаматты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын дизельдік отын, мазут, жеңіл және орташа ауыр мұнай дистипляттарын өндіреді. Қуаттылығы жылына - 96 мың тонна. Шығарылған өнім елімізден өзге ТМД елдеріне экспортталады.

Аймақ басшысы Мұғалжар ауданына жасаған жұмыс сапары соңында аудан әкімі Асқар Шерияздановқа құрылысы аяқталмаған нысандардың жұмысын уақтылы әрі сапалы аяқтауды, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіріп, кәсіппен айналысуға шақыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, облыс әкімінің жұмыс сапары Темір ауданында жалғасты. Өңір басшысы Ақсай ауылындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 жылы салынған су мұнарасының жұмысымен танысты. Құбыр арқылы 800-ден астам тұрғын үй таза ауыз сумен қамтылды. Бұдан соң Нұрпейіс Байғанин атындағы мектеп балабақшасын аралады. Мектепте 105 бала білім алады. 1981 жылы салынған нысанға 2016 жылы 53 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Аймақ басшысы бұл білім ошағының кітапханасына да жеке кітап қорынан оқулықтар тарту етті. Мектеп ішінде орналасқан 50 орындық балабақшада 28 бүлдіршін тәрбиеленуде. Облыс әкімі Шығырлы және Ақсай ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, интернет желісін тарту,газ мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Аталған мәселелер жақын арада ретімен оң шешім табатындығын жеткізді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларында осы сала басты назарға алынып, ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы кездері Ақтөбе облысында бірқатар іс-шаралар қолға алынып, халық игілігі үшін ізгі шаралар атқарылу үстінде. Ақсай ауылдық округінде интернет жылдамдығын арттыру мақсатында 2020 жылға 70 млн теңге қарастырылды. 2020 жылдың наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Шығырлы ауылдық округі таратылып, Ақсай ауылдық округіне қосылып, халық саны өсіп келеді. Қазіргі таңда «Кар-Тел» компаниясы Шығырлы ауылын 2020 жылы ұялы байланыспен қамту мәселесін қарастырып жатыр»,- деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетовке Президент тапсырмаларына сай халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін тапсырды.

Соңғы жаңалықтар