Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайызға жуықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2,3 пайызға артып, 13,7% құрады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Бішкекте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, аталған шараны ұйымдастырушы қырғыз бауырымызға және Еуразиялық экономикалық комиссияға алғысымды білдіремін. Бүгінгі талқылау алдағы уақытта «еуразияшылдық» идеясын нығайта түсуге негіз болады деп сенемін. Қазақстан Үкіметінің басым міндеті - өңделген өнім өндірісін арттыру, оқшауландыру көлемін ұлғайту, қосылған құнның жаңа тізбектерін құру және экономиканы әртараптандыру. Сондай-ақ, индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында ішкі және сыртқы нарықта өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілетін арттыру мақсаты қойылды», - деді Еуразия экономикалық форумына бейнебайланыс арқылы қатысқан Бақыт Сұлтанов.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, өңдеу өнеркәсібі салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру, орташа және жоғары технологиялық өндірілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту, базалық өндірістерді дамыту және стратегиялық жобаларды іске асыру арқылы жүзеге аспақ.

«Соңғы 2 жылдың ішінде оң көрсеткішке қол жеткіздік. 2021 жылы өңдеу өнеркәсібінің үлесі ЖІӨ құрылымында 2018 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға артып, 13,7% құрады. Өңдеуші сектордың жалпы қосылған құны 2018 жылмен салыстырғанда өткен жылы 53% -ға артып, 10,8 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар өткен жылы «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданды. Онда экономиканың нақты секторын дамытудың жаңа тәсілдері бекітілді», - дейді ол.

Б. Сұлтанов келтірген мәліметте айтылғандай, өнеркәсіп саясаты туралы заңды қабылдаудың нәтижесінде ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып, экспортқа бағдарланған тиімді кәсіпорындарға баса назар аударылды.

Сонымен қатар, жаңа заң арқылы мемлекеттік қолдауды кешенді ынталандыру жүйесіне көшіру және салалық басымдықтан бас тарта отырып, нақты тауарларды өндіруге мән беру көзделген.

Бұған дейін аталған шарада еліміздің киберқауіпсіздік саласындағы жетістіктерін бөлісуге дайын екені айтылды.

Айта кетейік, Бішкекте алғашқы Еуразия экономикалық форумы өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар