Өңірдегі маңызды мәселелерді фракцияда талқылауды күшейтеміз - Өмірзақ Шөкеев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының мәжілісі өтті. Фракция мәжілісіне облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және депутаттар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістің күн тәртібінде «2016-2020 жылдарға арналған Түркістан облысының аумағын дамыту бағдарламасының іске асырылуы және проблемалық мәселелерді талқылау туралы» мәселе қаралды. Ол туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев хабарлама жасады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына 1 жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде Елбасы тапсырмаларына сәйкес, Түркістан облысының 2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бағдарламаға сәйкес экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және құқық тәртібі, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары, мемлекеттік қызметтер салалары, яғни, 6 бағыт бойынша жұмыстар жоспарланған. Жыл басынан бергі 9 айда облыста жалпы өңірлік өнім көлемі 718,0 млрд теңгені, нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,5% құрады. Облыс кәсіпорындарымен 370,2 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9% жоғары, республика бойынша 5 орынды иеленді. Ауыл шаруашылығы өнім көлемінің өсімі 3,4%-ға артып, жалпы көлемі 447,6 млрд теңгені құрады. Ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 70 млрд теңгеге көп», – деді Ж.Аманбаев.

Қаулыда өңірдегі «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларының жаңа механизмдермен жұмыс істеуіне аудан, қалалардан ұсыныстар жинақтау, аудандар мен қалалардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелерін тездетіп шешу мәселелері орын тапқан. Сондай-ақ өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жергілікті органдарда жоспарланған индикаторларға қол жеткізу, облыс көлемінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасау, өңірдегі инвестициялық климатты жақсартуға ұсыныстар жинақтау туралы да міндеттер жүктелген. Осы қаулыға сәйкес, ұсыныстардың қорытындылары облыстық партия филиалына ұсынылып, міндеттердің орындалуын бақылау «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалына жүктелді.

Депутаттық фракция мәжілісінде облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев өңірді дамыту бағытында әрбір азамат талапқа сай жұмыс істеуі керектігін айтты.

«2016-2021 жылдарға арналған даму бағдарламасы ертеректе қабылданған. Мұндағы индикаторлар тиісті деңгейде орындалып келеді. Дегенмен бүгінде облыс бөлінді. Дамудың жаңа бағыттары белгіленді. Қазір Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан да бағдарламадағы индикаторлық көрсеткіштерді жоғарылатып, талапты күшейту керек деп ойлаймын. Осы бағытта іске кірісеміз. Өңірдегі маңызды мәселелерді фракцияда талқылауды күшейтеміз»,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы фракция мүшелері мен орынбасарларына және басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар