Оңтүстік Корея Қазақстанға кезекті гуманитарлық көмек жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығына COVID-19 пандемиясымен күресу үшін Корея Республикасының гуманитарлық көмегі табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшілігінің мәліметіне сәйкес, 19 қазан күні Алматы қаласына гуманитарлық көмек түрінде 38 800 тестілеу жүргізуге жететін оңтүстіккореялық ПТР-тест жинақтары жеткізілген. Бұл тестер Ұлттық сараптама орталығының Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы және Түркістан, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы филиалдарына жіберіледі.

«ҚР Үкіметінің уақытылы қабылдаған шаралары мен қазақстандықтардың осы шараларды орындауға көмегі арқасында Қазақстан COVID-19 пандемиясының бірінші толқынын еңсере алды. Қазіргі уақытта бірқатар елде COVID-19 таралу ахуалы нашарлап жатқанда, Қазақстан пандемияның екінші толқынына сақтықпен дайындалуда. Корея Республикасы үкіметінің бұл гуманитарлық көмегі Қазақстанды COVID-19 пандемиясының екінші толқынына дайындау процесіне үлес қосады деп үміттенемін», - деді Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сок.


Өз сөзінде елші гуманитарлық көмек көрсетуден басқа, Корея мен Қазақстанның пандемиямен күрес тәжірибесін алмасу, денсаулық сақтаудың цифрлық инфрақұрылымын құру саласында және өзге де бағыттарда ынтымақтасып отырғанын атап өтті.

Сонымен бірге, Ку Хонг-сок Корея Республикасының елшілігі тарапынан қарттар үйі, балалар үйі, мектептер мен басқа да мекемелер үшін қайтарымсыз негізде жеке қорғаныс құралдарын беру акциялары үнемі өтіп тұратынын хабарлады.

«Бізді Корея Республикасымен түрлі бағыттағы соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы бұрыннан келе жатқан достық-әріптестік қатынастар байланыстырады. Пандемияның осындай күрделі кезеңіндегі Корей елінің қолдауын ерекше бағалаймыз және Оңтүстік Кореяның жоғары басшылығына COVID-19 Қазақстан Республикасы аумағында таралуына қарсы күрес үшін көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіз. Біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастарымыз және стратегиялық әріптестігіміз өзара түсіністік негізінде ғана нығайып, дами беретініне сенімдімін», - деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Корея Республикасы үкіметінен келген гуманитарлық көмектен бөлек, ДДСҰ жаһандық жеткізу арнасы (WHO Global supply chain) арқылы сатып алынған 75 мың АҚШ доллары болатын FFP2 стандартындағы қорғаныс маскалары және 300 мың АҚШ доллары сомасындағы медициналық жабдықтар түрінде гуманитарлық көмектің келесі партиялары жеткізіледі.


Соңғы жаңалықтар