Оңтүстікте «аспаннан вирус шашады» деп жалған ақпарат таратқан тағы бір әйел ұсталды

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында полицейлер әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктірген әйелді анықтады. Ол WhatsApp желісі арқылы «Сарыағашта вирус шашады» деп жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше әлеуметтік желіде «Түнгі 2-3 арасында Сарыағашта балаларды ауыртатын вирус себіледі екен, балаларды көшеге шығармасын деп жатыр» деген хабарлама тараған. Бұл жалған ақпаратты таратқан әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде оның кім екені анықталды. Ол Сарыағаш қаласының тұрғыны болып шықты.

Тексеру барысында анықталғандай, әйел бұл хабарламаны тек туыстары көшеге шықпай, үйде отыруы үшін жазған. Оны тек келініне WhatsApp желісі арқылы жолдағанын жеткізген.

«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 274-бабымен тіркелді. Осы орайда полицейлер Түркістан облысының тұрғындарын осындай жалған ақпараттарға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ, дәлел-дәйексіз, ел ішін дүрліктіретін ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша жауапқа тартылатынын да ескертеді» делінген хабарламада.

Айта кетейік, күні кеше осындай заңбұзушылық әрекеті үшін Отырар ауданының 47 жастағы тұрғыны ұсталған болатын. Ол әлеуметтік желіде «Сарыағаш ауданында түстен кейін вирус себіледі екен, балаларды далаға шығармаңыздар» деген жалған ақпарат таратқан.

Орта жастағы әйел қазіргі таңда құзырлы органдармен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.


Соңғы жаңалықтар