Өр Алтайдағы «жұмбақ пирамида» әлі зерттелмей тұр - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Тарихтың қатпарлы сыры жасырынған «Үшкөлге» барғанда - «Алтай ақпарат» сайты

Алтай тауының баурайында орналасқан Шіңгіл ауданының Үшкөл жайлауына әр жолы ат басын бұрған сайын, бұл жердің талай тарлан тарихтың сырын бүгіп жатқанын аңғарасыз, деп жазады altxw.com сайты.

«Үшкөл - Шеткікөл, Ортакөл, Шұбаркөл деп аталатын үш жайлаудың ортақ атауы. Табиғат ананың мейірі түскен Үшкөл - ашық аспан, мөлдір сулы, таза ауасы жанға жайлы мекен. Осындағы талай жанның таңдайын қақтырған, тарихтың қатпарлы сыры жасырынған жұмбақ қорым, алыс-жуыққа «Хан мазары» деген атымен әйгілі. Назарларыңызға осы көркем табиғат көрінстерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.

Айта кетейік, «Хан мазары» аталған алып қорым Қытайдың Алтай аймағы, Шіңгіл ауданының Үшкөл жайлауында орналасқан. Белгісіз дәуірдің құпияға толы, сырлы ескерткіші үш қабатты шеңбермен қоршалған. Қорымның диаметрі 200 метрден астам, биіктігі 20 метр. Яғни, 4-5 қабатты үймен қарайлас, тастан үйілген алып құрылыс көз алдыңызға келеді. Маңайында балбалдар мен бұғытастар көптеп ұшырасады. Тағы бір таңғаларлығы - осы алып қорымның үстіне шығуға арнап жасалған, айналма қабырға жол да бар. Сондай-ақ, қорымның айналасы сумен қоршалып, табиғи қамал түрінде болуы да өз алдына бір құпия...

Біз бұл тарихи қорым туралы ҚазАқпарат сайтында бұрындары жарияланған «Алтай тауындағы «Жұмбақ пирамиданың» құпиясы қашан ашылады?» атты мақаламызда кеңірек тоқталып, деректі мәліметтер ұсынған болатынбыз.

«Ертұғырыл» телехикаясының продюсері Өзбекстанда «Жалолиддин Хорезмшах» фильмін түсірмек - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Түріктің тарихын тереңнен зерттейтін «Ертұғырыл» телехикаясының продюсері Мехмет Буғдаз Хорезмді билеген Жалолиддин Мангуберді жайында фильм түсіреді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Түрік продюсері Мехмет Буғдаз - аталулы ауқымды жаңа жоба әлемге өзгеше қарқында таралып, сериялдың мазмұны өзбек-түрік достығының негізінде экрандалып, Өзбекстанның жаханға танылуы үшін үлкен міндеттердің бірін атқаруын жеткізген. Тарихы тереңде жатқан бұл жобаның үстінде 1000-ға жуық жандар жұмыс істейтін болады. 13 сериядан тұратын, әр бөлімі сағат көлемінде болып фильімнің экрандалуы Өзбекстан мен Түркия аумағында түсіріледі»,- деп жазады «ӨзА».

«Алтай аясы» журналы үздік авторларды марапаттады - «Алтай ақпарат» сайты

Алтай аймағында шығатын «Алтай аясы» журналы, өз басылымдарында жарық көрген материалдарды саралап, үздік авторларды марапаттды, деп жазады altxw.com сайты.

««Алтай аясы» журналы Алтай аймағының жазушылар қоғамымен бірге шығармашылық байқау ұйымдастырып, үздік авторларды марапаттады. Байқауға 200 ден астам туынды қатысып, саралау арқылы 9 туынды сыйланды. Қазақ тілінде шығатын «Алтай аясы» журналы - Алтай аймағының саяси-қоғамдық жаңалықтарын, сонымен бірге тарих және шежiрелерді жариялауымен де ерекшеленедi», - деп жазады - «Алтай ақпарат» сайты.

Еске сала кетейік, «Алтай аясы» журналы үш айда бiр рет шығатын маусымдық журнал. Журнал алғаш рет 1935 жылы «Таңшолпан» деген атпен жарық көрген.

Қазақтар көп шоғырланған мекенде экотуристік орталық ашылды – Кенимех таңы газеті (Өзбекстан)

«Бүгінде елімізде туризмнің барлық түрі, атап айтқанда, танымдық, туристтік, сауықтыру, экологиялық, аңшылық түрлері бойынша қызметтер жолға қойылған. Өйткені Өзбекстан Қоқан, Ташкент, Самарқант, Бұхара, Хиуа, Терміз сынды әлемге әйгілі тарихи мекендердің елі. Сондай-ақ республикадағы табиғаты ғажайып қорықтар, емдік бұлақтар, археологиялық және тарихи ескерткіштері мол өңірлер саяхат пен туризмнің көзі саналады. Осыған байланысты Өзбекстанда 20 мыңға жуық қазақтар тұратын Кенимех ауданында «Кенимех- Қызылқұм -шұбат» жауапкершілігі шектелген қоғамы жағынан экотуристтік орын ұйымдастырылды», деп жазады Өзбекстанның аудандық Кенимех таңы газеті.

Газеттің жазуына қарағанда, «Кенимех- Қызылқұм -шұбат» қоғам басшысы Азамат Элмұратов 12 отау орнатып, саяхатшылар үшін ерекше қонақ үй мен тамақтану орнын салған. Тұрғындар мен аудан қонақтарының көңілді демалысын ұйымдастыру үшін музыкалы фонтан, амфитеатр, құрылып Қызылқұмның келбетін суреттейтін жасанды шөл құмы төселген. Келген қонақтар 100 бас түйені көріп, бір уақыттың өзінде олардың сүті мен шұбатын ішуіне мүмкіндік жасалуда. Экотуристтік орын бір уақыттың өзінде 700-ден астам саяхатшыны күтуге қауқарлы. Ең бастысы 20 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Айта кетерлігі, аудан әкімі М.Егемқұлов қолдауымен «Кенимех-Қызылқұм-шұбат» жауапкершілігіне қарасты заманалық жоба негізінде салынған экотуристік орталық комплексі қыркүйек айының екінші онкүндігінде өз жұмысын бастаған.

Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, халық медицинасында емдік қасиеттері жоғары саналған түйе, жылқының ет-сүт өнімдерін кәдеге жарату, сондай-ақ ата-бабалар тұрған киіз үй сынды халықтық мұраны келер ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған экологиялық-туристік комплекс жобасын кәсіпкер Азамат Элмұратов 12 миллиардтан астам қаржы есебінен құрып, тұрғындар игілігіне беріпті. Комплекс құрамында бой көтерген «Кенимех» кафесінде қазақ, өзбек және қарақалпақ халқының ұлттық тағамдары әзірленеді. Сондай-ақ өзіндік стильде жасалған жасанды көлде туристер балық ұстап, арнайы асханада тұтыну мүмкіндігіне ие.

Қазақстан Елшісі Моңғолия Президентіне сенім грамоталарын табыстады - kaznews.mn

1 қазан күні Ұланбатырда Қазақстанның Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулгаға сенім грамоталарын тапсырды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Рәсім барысында Халтмаагийн Баттулгаға моңғол-қазақ елдері арасындағы қалыптасқан достық қатынастар мен өзара сенім ахуалын, сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша екі мемлекеттің ынтымақтастығын атап өтті. Кездесуде сауда экономикалық, көлік-логистикалық, ауыл шаруашылық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтар және жоғарғы деңгейдегі сапарлар мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Моңғолия Президенті кездесу соңында өзара байланыстардың одан әрі нығая беретініне сенім білдіріп, Елшіге дипломатиялық жұмыста табыс тіледі», - деп жазады kaznews.mn.

Анзали мен Ақтау айлақтарының ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды - «Фарс» ақпарат агенттігі

Нұр-Сұлтанда Иранның солтүстігіндегі Анзали мен Қазақстанның Ақтау айлақтарының ынтымақтастығы жөніндегі келісімге қол қойылды, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

IRNA ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Қытай-Қазақстан-Иран халықаралық дәлізі арқылы жүк тасымалын арттыру, екі елдің бизнесмендеріне порт қызметін ұсыну саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көмектесу және Иранның Kaspian және Ақтау айлықтары арасындағы жүк тасымал бойынша кеме қатынасын дамыту мақсаттарында Иранның Анзали және Қазақстанның Ақтау айлақтарының ынтымақтастығы жөніндегі келісімге қол қойылды.

Иран-Қазақстан ортақ комиссиясының ынтымақтастығы туралы құжатта екі тарап азат аймақтың мүмкіндіктерін екі елдің, әсіресе Анзали азат аймағының ынтымақтастығын халықаралық жүк тасымалдау компаниялары мен кеме қатынасы арқылы дамыту қуатталды. Валюталық айналымды жеңілдету үшін Анзали еркін аймағында қазақстандық банктің филиалын немесе қаржы-банктік бөлімше ашу Иран-Қазақстан ортақ комиссиясы ынтымақтастығы құжатының келесі бөлімдерінің бірі болып табылады.

Түркі ынтымақтастық күнін бірлік нығайған кезде тойлап отырмыз - TRT

Түркия Сыртқы істер министрлігі 3 қазан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық күніне орай хабарлама жариялады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Түркия Сыртқы істер министрлігі 3 қазан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық күніне орай хабарлама жариялады. Хабарламада Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің құрылуына байланысты Нахчыван келісіміне 2019 жылы 3 қазан күнінде қол қойылғаны еске салынды. Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан арасында қол қойылған күннің жыл сайын Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық күні ретінде тойланғаны атап көрсетілді.

Мәлімдемеде «10 жыл толған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық күнін 15 қазан күні Әзірбайжанның бас қаласы Бакуде өтетін 7-ші саммитте Өзбекстанның да толық мүше ретінде қосылатынына және Түрік Кеңесі Еуропа кеңсесінің ашылуына куә болынған, нығайған кезеңде тойлап отырмыз» деп айтылды.

Сыртқы істер министрлігі он жылдық мерзімде Түрік Кеңесінің маңызды қадамдар басқанына назар аударды. Мәлімдемеде «Кеңес ынтымақтастығы үшін жұмыстанған ТүрікПа, Түріксой, Түрік академиясы, Түрік Мәдениет және мұра фонды, Түрік Бизнес кеңесі және Түрік Кеңесі ортақ сауда және өнеркәсіп палатасы арқылы мүше елдер арасындағы ынтымақтастық ауқымды жағдайға келді. Дос және бауырлас түрік республикаларының ортақ тіл, тарих және мәдениетінен күш-қуат алған Түрік кеңесі Еуразия территориясында бейбітшілік, тұрақтылық және молшлықққа маңызды үлес қосу мақсатымен болашаққа жылжиды» деп айтылды.

Түрік Кеңесі 2009 жылдың 3 қазан күні Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын.

Соңғы жаңалықтар