Орал-Ақтөбе жолында коммерциялық жүк көліктерден ғана ақы алынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орал-Ақтөбе жолында коммерциялық жүк көліктерлен ғана ақы алынады, жеңіл көліктер үшін бұл бағыт тегін болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында өткен қоғамдық тыңдауларда ақылы жолдардың басты артықшылықтары талқыланған.

«Нұрлы жол» бағдарламасы және Ұлы Жібек жолын жаңғырту жобасы шеңберінде замануи үлгіде қауіпсіз жолдар салуда. Күре жолдардың сапасын сақтап күтіп ұстау үшін республиканың батыс өңірлерінде жолақысының ашық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

«Орал және Ақтөбе қалаларын, сондай-ақ Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының 20-дан астам елді мекенін жалғайтын жол да жақында ақылы болады. Дәлірек айтқанда, жаңа технологияны қолдана отырып және заманауи халықаралық қауіпсіздік стандартына сәйкес салынған ұзындығы 281 шақырымдық учаске.

Бұл автожолда тестілік режимде жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін және жолға, оның жабынына және ілеспе инфрақұрылымға тұрақты қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен іске қосылады», делінген хабарламада.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының Қобда, Шыңғырлау мен Сырым аудандарындағы қоғамдық тыңдауларда жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйесі мен жұмыс қағидаты туралы айтып берді.

Мамандар «Орал-Ақтөбе» автожолында пилоттық режимде жұмыс істейтін 3 бақылау аркасы мен клиенттермен жұмыс жүргізу орталығы орнатылғанын хабарлады. Аркаларда орнатылған жоғары жылдамдықты камера ақылы учаске бойынша автомобильдердің жылдамдығы мен санын, жолдағы жағдайды және т. б. тіркейді.

«Жолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Жол бойында артық кедергі қойылмағандықтан кептеліс болмайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және сапар уақытын қысқартады.

Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз тәсілмен және алдын ала төлем бойынша жүргізіледі. Бұл да қауіпсіздік саясатының бір бөлігі, өйткені жүргізушілер ақы төлеуге назарын аудармай, алаңсыз көлікті жүргізе береді.

Айта кету керек, жеңіл көлік иелері Орал-Ақтөбе жолын тегін пайдаланады. Жол жүру ақысы тек коммерциялық жүк көлігінен алынатын болады. Жиналған қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруын ғана емес, сонымен қатар жолдағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстап тұратын сервис қызметін де қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, «Орал-Ақтөбе» жолының ақылы учаскесіндегі аппараттық-бағдарламалық кешен арқасында өзге жолдармен салыстырғанда неғұрлым ыңғайлы және қауіпсіз болады.


Соңғы жаңалықтар