Орал қаласының емханалары қашықтан жұмыс істеуге көшті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласының емханалары қашықтан жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, әр емханада ситуациялық орталық сағат 08.00-ден бастап 20.00-ге дейін қызмет атқарады.

Онда дәрігерлер екі ауысымда кезекшілік етеді.

Күн сайын үйлерінде ЖРВИ және пневмониядан емделіп жатқан науқастарға қоңырау шалынып, хал-жағдайлары сұралады. Ситуациялық call-орталықтың телефоны арқылы кеңес беріліп, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы жұмыс істейді. Эндокринолог, невропатолог, кардиолог және онколог сияқты мамандар да көмекке келе алады.

«Қазіргідей күрделі жағдайда тұрғындардан аса қажет болмаса, өздері бекітілген емханаларға бармауды сұраймыз. Одан да учаскелік дәрігерге қоңырау шалып, мәселені қашықтан шешуге болады. Дәрі-дәрмек үшін де емханаға барудың қажеті жоқ. Созылмалы сырқаттармен, қатерлі ісікпен диспансерлік есепте тұратын барлық емделушілерге аса маңызды дәрі-дәрмекті үйлеріне апарып беру қарастырылған. Емханаға тұрғындар өздігінен келген жағдайда қызметкерлер қызуын тепловизормен өлшейді. Қызуы жоғары болса, сүзгіден өткізуге жіберіледі», деп түсінік берді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Учаскелерде медицина қызметкерлері түсінік жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде кеңес береді. Азаматтар қандай да ауру белгілері байқалса, ситуациялық орталықтардың телефондарына хабарласа алады.

Облыста коронавирус жұқтырғандар саны 3600-ге жетсе, соның 1814-і – ауру белгісі барлар, 1786-сы – ауру белгісі жоқтар.

2931 адам жазылып шықса, 17-сі өмірден озды.

Қазіргі таңда 592 адам жұқпалы аурулар ауруханасында жатса, 439 адам провизорлық стационарда емделуде.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда коронавирустан 940 адам ем қабылдап жатқанын, дәрі-дәрмекті қымбатқа сату деректері анықталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар