Оралда ағайынды үшем Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда орналасқан Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінде Ақтаудан келген ағайынды үшем мерзімді әскери қызметін атқарып жүр. Бұл жайында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

18 жасар үшем Ақарыс, Бекарыс және Жанарыс Зеккеновтер осы жылдың көктемінде құқықтық тәртіп әскерінің қатарына шақырылған.

Ағайынды Зеккеновтер дүние есігін ашқалы бері әрқашан бірге. «Болашақ» академиясының колледжін «Су көлігін пайдалану» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін балаларды мерзімді қызметке шақырған. Сол кезде де олар ажыратпауды өтінген. Оған жергілікті қорғаныс істер департаменті қол ұшын созып, бір әскери бөлімге жіберді.

Үшем психологиялық тест тапсырған кезде олардың түр-әлпеті бір-біріне сәйкес келді. Ағайындылардың өздері бұған үйреніп қалған.

«Алайда бір айырмашылық бар: Ақарыстың бойы екі бауырынан төрт сантиметрге ұзын – 178 болса, Бекарыс пен Жанарыстың бойы - 174 сантиметр. Алайда бұл ағайындылардың дене шынықтыруда бірдей нәтиже көрсетуіне кедергі келтірмейді. Олар әскерге дайындалу барысында арнайы спортпен шұғылданып, 100 м және 3 шақырымға жүгіруде және бел темір тартылуда бірдей көрсеткіш көрсетті. Үшеуі де спортпен айналысады. Ақарыс пен Бекарыс тоғыз жасынан бастап «каратэ-до» спорт секциясына қатысқан. Сол уақыт ішінде ағайындылар «каратэ-до» бойынша облыстық және қалалық спорт турнирлеріне қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Ал Жанарыс самбо күресінен спорт шеберінің кандидаты атанды» деп мәлім етті «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтанов.

Айта кетейік, 5517 әскери бөлімінде үшемнің әскерге шақырылу жағдайы ешқашан болмаған.

«Құқық тәртібі әскерінде қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Себебі, Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету, өмірде лайықты орныңды табуға көмектесетін барлық заманауи жағдайларға ие болу - ел Президентінің жастарға қамқорлығының нәтижесі», - дейді Бекарыс Зеккенов.

«Ұлттық ұлан әскерлеріне мерзімді қызметке қазір шынымен де үздік жастар келеді, - дейді 5517 әскери бөлімі батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Дамир Жәкенов. - Жауапты, сауатты, рухы мен денесі мықты, моральдық тұрғыдан шыныққан. Өйткені, қысқа мерзім ішінде біз оларды нағыз Отан қорғаушы етіп дайындап шығаруымыз керек. Менің тәжірибемде ағайынды үшемнің мерзімді әскери қызмет өткеруі - бірінші жағдай. Бұған дейін тек егіздерді көргенмін. Қазір ағайынды үшем Орал қаласында қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау қызметін мінсіз, абыроймен атқарып келеді».

Отан алдындағы әскери борышын аяқтағаннан кейін ағайынды Зеккеновтер туған қаласы Ақтауға оралады. Содан кейін олар жоғары білім алып, заңгер мамандығын меңгеруді, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар