Оралда ауыр қылмыс жасап, қашып жүрген өзбекстандық азамат ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында республикалық «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында бес қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, 15-19 ақпан аралығында өткізілген аталмыш іс-шара кезінде қолға түскен 5 қылмыскердің біреуі халықаралық іздеуде жүрген болып шықты.

«Оралда ауыр қылмыс жасап, соттан бой тасалаған 35 жастағы өзбекстандық азамат ұсталды. Сондай-ақ облыста заңсыз жүрген 15 шетелдік ел аумағынан шығарылды», деді Б.Белгібеков.

Полицияның жедел топтары облыс аумағында жүрген мыңнан астам шетелдік азаматты тексерді.

Соның нәтижесінде елде жүріп-тұру мерзімін бұзған 119 адам, шетелдіктің келуіне байланысты құжат жасамаған 96 облыс тұрғыны және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан 5 жұмыс беруші анықталып, бәрі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция қызметкерінің 70 мың теңге пара алу кезінде ұсталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар