Оралда бір күнде полицейге пара бермек болған екі жүргізуші ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бір күнде полицейге пара бермек болған екі жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 18 қазан күні орын алды.

Сағат 00.30-да 44 жастағы жүргізуші «МАЗ-5440» автокөлігімен Сырым Датұлы көшесімен келе жатып, «Ел ырысы» базары тұсында тоқтауға болмайтын жерге аялдаған. Сол жерде патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің қолына түскен. Содан кейін «Лада Ларгус» қызметтік көлігінде отырып, әкімшілік хаттама толтырмау үшін полиция қызметкеріне 2 мың теңге ұсынған.

Екінші оқиға М.Шолохов пен К.Циолковский көшелерінің қиылысында болды. Сағат 10.55-те 63 жастағы жүргізуші «Ауди-80» автокөлігімен бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамастан, өтіп кеткен. Ол да әкімшілік хаттама толтырмау үшін 5 мың теңге берген.

Қазіргі кезде екі оқиға бойынша да ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар