Оралда екі жол апатынан кейін 7 адам ауруханаға жеткізілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі жол апатынан кейін 7 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кеше түсте Дәулеткерей мен Мұхит көшелерінің қиылысында Chevrolet, ВАЗ-2115 және ВАЗ-2109 автокөліктері түйісті.

Сондай-ақ сол шамада Құрманғазы көшесі бойында «Темірлан» дүкені жанында 1994 жылғы әйел айдап келе жатқан Lifan мен 33 жастағы ер адам рулінде болған Lexus автокөліктері соқтығысты.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасады.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, Мұхит пен Дәулеткерей көшесі қиылысындағы жол апатынан кейін 2021 жылғы кішкентай бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілгенімен, жарақаты болмағандықтан, үйіне жіберілді. Алдын ала мәлімет бойынша 1995 жылғы әйел мен 1982 жылғы ер адам жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалды.

Құрманғазы көшесіндегі жол апаты салдарынан зардап шеккен 2020 жылғы екі қыз баланың біреуі амбулаторлық ем алу үшін үйіне қайтса, білегі сынған екіншісі ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ алдын ала мәлімет бойынша 1991 және 1965 жылғы әйел адамдар жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалған. Басқа да жарақаттары бар.

Ересек адамдар облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі кезде екі оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда төрт адамға қасқыр шапқанын, жол апатынан кішкентай баланың көз жұмғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар