Оралда ер адам сатушы әйелді қызының көзінше пышақтап кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ақтөбелік тұрғын пышақтаған сатушы әйел жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 9 маусым күні шамамен сағат 23.00-де Зачаган кентіндегі азық-түлік дүкенінде болды.

Ақтөбе қаласының 1984 жылғы О. деген тұрғыны 36 жастағы А. есімді сатушы әйелге шабуыл жасаған.

БҚО полиция департаментінің аға анықтаушысы Алтынбек Темірланов жұмыстан қайтып келе жатып, тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкеннен қашып шыққан ер адамды, соңынан айқайлаған әйелді көреді. Ол сол бойда полицияға хабар беріп, өзі қуып жетіп, қарсылық көрсеткеніне қарамай, ер адамды ұстайды. Кейін ер адам келіп жеткен «Үкі» түнгі полиция тобының қолына түсті.

Б.Белгібековтің айтуынша, бейнебақылау камерасын қараған кезде О. мен А-ның бір-бірімен сөзге келгені көрінеді. Бұған екінші сатушы мен жәбірленушінің қызы куә болған. О. екінші сатушыны итеріп жіберіп, жәбірленушіні пышақтап, дүкеннен шығып кеткен.

Жәбірленуші облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

«Алдын ала мәліметке қарағанда, күдікті мен жәбірленуші бір-бірімен үш жылдай жақын қарым-қатынаста болған. Ақтөбеден бірнеше күнге кездесуге келген. Содан кейін сатушының жұмыс орнына барып, қызғаныш негізінде өзімен бірге алып жүрген пышақты жұмсаған. Қылмысты жасау кезінде ол мас күйінде болған, бұрын сотталмаған, еш жерде жұмыс істемейді. Толық ақпарат сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғаннан кейін беріледі», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі әйелдің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде екендігін растады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Орал-Ақсай жолында полиция қызметкерінің мерт болғанын, Оралда ер адамның велосипедтен құлап, көз жұмғанын жазған едік.





Соңғы жаңалықтар