Оралда коронавируспен күрес шараларына 94 млн теңге бөлінді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда коронавируспен күрес шараларына 94 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, бұл – төтенше жағдай үшін арнайы қарастырылған қаржы.

Осы қаржыға қаланы дезинфекциялауға қажетті арнайы химиялық реагенттер сатып алынды. Қазіргі кезде адам көп жүретін орындар (бақ, скверлер, тротуар, аялдамалар), қала көшелері, иесіз қалған көпқабатты үйлердің кіреберістерін дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұған 72 адам, 11 техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар, полиция, мониторинг тобы, басқа да қызметтер үшін медициналық маска, антисептик құралдары, арнайы киімдер алынды.

Оған қоса қалада 31 наурыздан бастап карантин режімінің шектеу шарасы енгізілуіне байланысты 405 мекеменің жұмыс жасауына қолдау білдірілді. Ал 145-іне рұқсат берілген жоқ. Денсаулық сақтау, қалалық инфрақұрылым және коммуналдық қызмет мекемелерінің жабылмайтыны белгілі. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, бөлшек сауда, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар және күнделікті тауарлар сататын орындар жұмыстарын жасай береді. Азық-түлік дүкендері сағат 09.00-ден кешкі 21.00-ге дейін ашық болады.

«Екі күннің ішінде карантинге байланысты мекеме-кәсіпорындар мен тұрғындардан жедел штабқа 5 мыңға жуық өтініш түсті. Тағы бір айта кететін жайт, қызметкерлердің үйден жұмысқа дейін, жұмыстан үйге дейін жеке көліктерімен қатынауға құқықтары бар», деді ҚазАқпарат тілшісіне Абат Шыныбеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жазасын өтеушілердің 36 мыңға жуық медициналық маска тіккенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар