Оралда Ұлттық ұлан оркестрі майдангерлер үйі алдында соғыс жылғы әндерді орындады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Ұлттық ұлан оркестрі майдангерлер үйі алдында соғыс жылғы әндерді орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің басшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің оркестрі Иван Гапич пен Алевтина Митрохина тұратын үйлердің алдына келіп, соғыс ардагерлерін әндермен құттықтады.

Ұландықтар өнерін сол ауладағы тұрғындар да қызыға тамашалады.

Иван Гапич жасына қарамастан, әлі де сергек. Тек тез шаршап қалады.

-Майданда «Смуглянка» әндерін жиі айтатын едік. Таныс әуен ғой жасымыздан. Ал «Жеңіс күні» әнін тік тұрып, оркестрге қосыла орындадық, - дейді И.Гапич.

-Медбикелер курсын бітіргеннен кейін мені Сталинградқа жіберді. Қыс қатты суық болды. 1942 жылдың 19 желтоқсанында майданға жеттім. Өте ауыр болды, адамдар үсіп жатты. 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград шайқасы аяқталды. Ростовтан кейін 3-Украина майданына ауыстық. 1943 жылы Донецкіні, басқа да қала, елді мекендерді азат еттік. Біздің госпиталь 200 адамға есептелген, алайда онда мың жаралы жатты, - деп еске алады А.Митрохина.

Жеңіс күні майдангерлерді облыс әкімі Ғали Есқалиев, 5517-әскери бөлім командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бақытжан Бердиев құттықтады.

«Дер кезінде көрсетілген құрмет пен қамқорлықтан артық ештеңе жоқ. Осындай әндердің өзі майдангерлердің көңілін көтереді. Біз кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Жүзге жетіңіздер, қымбатты ардагерлер!», деді облыс басшысы.

Майдангерлер өз естеліктерімен бөлісіп, ризашылықтарын білдірді.

Жүз жасқа қадам басқан Иван Степанович Гапич 1923 жылы 2 ақпанда дүниеге келген. Өз еркімен майданға аттанған ол Польша, Чехословакия, Украина жерлерін жаудан азат етуге қатысты. «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа медальдармен марапатталған майдангер 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысты. Соғыстан кейін еліміздің прокуратура органдарында жауапты қызметтер атқарды. 1966-1986 жылдары БҚО прокурорының бірінші орынбасары болып, содан зейнетке шықты.

Алевтина Тимофеевна Митрохина 1925 жылы 14 тамызда өмір есігін ашты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары аштықты бастан кешірген отбасы кейін Саратов облысы Озинки ауданының орталығына көшті. Соғыста Украинадан кейін Молдавия, Румыния, Югославия, Мажарстан жерлерінде болған ол екі Отан соғысы орденімен, екі «Ерлігі үшін» және басқа жауынгерлік медальдармен марапатталған. Соғыс жылдары болашақ ері Лаврентий Митрохинді кездестірген Алевтина Оралда тұрып, осында ұзақ жыл медицина колледжінде қызмет етті. Ері екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірді. 1995 жылы жарты ғасыр бойы бірге ғұмыр кешкен жұбайы дүние салды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 21 соғыс ардагері қалса, соның 17-сі Орал қаласында тұрады. Олардың бәріне де Жеңіс мерекесіне орай құрмет көрсетіліп, 1 млн теңгеден берілді.


Соңғы жаңалықтар