Оралдық еріктілер ардагерлерді Елорда күнімен құттықтады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдық еріктілер ардагерлерді Елорда күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Орал жастары», «Жас Отан» ЖҚ, «Ақжайық жастары», «Жасыл ел» мен «Студенттік құрылыс жасағының» волонтерлері Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл ардагерлерінің үйіне арнайы барды.

Еріктілер карантин талаптарын сақтай отырып, ардагерлерге құттықтау ашық хаты мен естелік сыйлықтарын табыс етіп, мерекеге арналған шағын концерттік бағдарлама ұсынды.

Ардагерлер волонтерлерге осы ықылас-ниеті үшін алғыстарын білдіріп, батасын берді. Солардың бірі, соғыс ардагері Мадрасұл Ғайфуллин биыл 95 жасқа толса да, әлі тың. Есте сақтау қабілеті мықты. Елорда күнін майдангер Қазақстанның бас қаласына деген құрмет, татулық пен келісім мерекесі деп біледі.

«Еліміздің болашағы – жастар. Олардың осылайша үлкендерге ізет білдіріп, алдымызға келуі бір серпілтіп тастады. Жастарға тек даңғыл жол, жарқын келешек тілеймін», деді М.Ғайфуллин ақсақал.

«Орал жастары» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Дулат Жүсіпқалиев аға буынның ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, өскелең ұрпақ үшін ескірмейтін үлгі екендігін жеткізді.

«Біз ардагерлерімізді әрқашан қадір тұтамыз. Ерікті жастардың осы бағыттағы жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады», деді Д.Жүсіпқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Бес ұрпақ» сауықтыру саябағы ашылғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар