Оралдық кәсіпорында тері өңдеу цехын ашу жоспарлануда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Кублей» ЖШС – төтенше жағдай кезінде де жұмысын тоқтатпаған іргелі кәсіпорынның бірі. Компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспар, мақсаттары жөнінде ҚазАқпарат тілшісі кәсіпорын директоры Талғат Берекешевпен сұхбаттасқан еді.

-Талғат Мәлікұлы, коронавирус індетіне байланысты елімізде карантиндік шектеу шаралары енгізілгені белгілі. Бұл жағдай сіздің кәсіпорынға қалай әсер етті?

-Компания екі зауыттан тұрады, оларда 500-ден астам қызметкер еңбек етеді. 1992 жылы қалбыр зауыты іске қосылған болатын, қазіргі кезде 100-ден астам өнім түрлері шығарылады. Ал 2015 жылы тоңазытылған, мұздатылған ет пен жартылай фабрикаттар өндіру үшін ет өңдеу кешені (қуаты 400 бас ірі қара және 700-дей уақ жандық) іске қосылды. Екі зауыт та автоматтандырылған жұмыс процесін қамтамасыз ететін қазіргі заманғы еуропалық құрал-жабдықпен жарақтандырылған. Бұл «Кублей» ЖШС-на жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Төтенше жағдай кезінде азық-түлік кәсіпорындарының қызметі тоқтатылмағандықтан, елімізді азық-түлік өнімдерімен қамтуды жалғастырды. Қызмет барысында логистика мен жинақтаушы тауарларға қатысты кейбір қиындықтар туындағанымен, уәкілетті мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП-ның ықпал етуімен шешіліп отырды.

-Кәсіпорында озық технологиялар негізінде қандай жұмыстар атқарылуда?

-Халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті және рентабельді болып қалу үшін біз қалдықсыз өндіріске ден қойып келеміз. Мысалы, 2018 жылы мал қалдықтарын (азық-түліктік емес) қайта өңдеу және етсүйек ұнын өндіру цехы пайдалануға берілді. Бұл өнім құс фабрикаларында бройлердің тірек-қимыл аппараты мен сүйегін нығайту үшін үлкен сұраныспен пайдаланылады. Жұмыртқа сапасын арттыру үшін мекиендерге де пайдалы. Сондай-ақ сабын өндіруде қолданылатын мал майын алу да жолға қойылды.

-«Кублейдің» өнімдері қай елдерге экспортталуда?

-Кәсіпорын өнімдері Қазақстан ғана емес, сонымен қатар Иран, Қытай, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресей сияқты елдерге де жөнелтіліп келеді. Компания табыстарының бірі ретінде Орал, Атырау және Ақтау қалаларының супермаркеттерінде герметикалық вакуумдық орамаға салынған сиыр еті, қазы және ішек-қарын өнімдерінің сатылып жатқанын айтуға болады.

-Соңғы сауал, алдағы жоспарларыңыз жөнінде де айта кетсеңіз?

-Биыл хромдалған WET-BLUE жартылай фабрикатын өндіру үшін тері өңдеу цехын іске қосуды көздеп отырмыз. Қазіргі кезде іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізетін итальяндық мамандардың келу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Цех іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындарын аша аламыз, бұл қазіргідей күрделі кезеңде аса маңызды. Жергілікті тұрғындардан тері алуды да жоспарлап отырмыз. Итальяндық жабдықтың қуаты ауысымына 600 теріні өңдеуге жетеді. Ал жартылай фабрикатты жергілікті нарық қана емес, Еуропа елдеріне, Ресей мен Қытайға өткізетін боламыз.


Соңғы жаңалықтар