Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өндірудің ерекше жобасы қолға алынбақ

None
None
ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өндіру бойынша ерекше жоба қолға алынбақ. Бірегей жоба бойынша Евро - 5 стандартына сай отандық өнімдер кәдімгі көмірден өндіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемде теңдесі жоқ жобамен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы барып, танысып қайтты. Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауыл округіндегі «Стандарт Ресурсис» ЖШС көмір - химиялық комбинаты жылына 30 мың тоннаға дейін шикізат өндіруге қауқарлы. Ендігі жерде мұнда АИ-92 маркалы бензин, дизель жанармайы мен бензол, толуол, ксилол және үлгілі мазут өнімдері шығарылады. 1,5 млрд теңге инвестиция құйылған жоба аясында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылым желісі жүргізіліп, 3 шақырым жерде темір жол тартылған. Қазіргі таңда зауытта құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылуға дайындық үстінде. Алдағы уақытта дайын өнім тек ел көлеміндегі нарыққа ғана емес, ТМД елдеріне экспортталмақ.

Негізгі мердігері-мұнай химиясы саласындағы нарық көшбасшыларының бірі болып табылатын ресейлік «ЭТН Циклон» компаниясы. Зауыт басшыларымен кездесу барысында Өмірзақ Естайұлы экспериментальды жобаны кеңінен жүзеге асыруды қолға алу керектігін атап өтті. Ол үшін теңдесі жоқ технологияның қыр – сырын мамандарға жаппай үйретуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар