Ордабасыда коронавирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты

None
None
ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Ордабасы ауданында коронавирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты. Бүгінде аудандық орталық аурухананың коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған инфекциялық бөлімі босап қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев бастаған республикалық «Қоғамдық бақылау» өкілдері аудандық ауруханада болып, жағымды жаңалыққа куә болды. Өңірдегі көптеген дәріханалар мен ауруханалардағы ахуалмен және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларымен танысып, ұсыныстарын тыңдады. Жалпы, Ордабасы аудандық орталық ауруханасы 120 мың халыққа қызмет көрсетеді. Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 158 науқас тіркелген. Оның ішінде 2 азамат қайтыс болса, өзге емделушілер толық жазылып шыққан. Пневмония ауруы да азайып, провизорлық госпитальдың төсек саны 40 орынға қысқарған. Қазір аталған індетпен 21 науқас ем қабылдауда. Аудандық аурухана 9 өкпені жасанды желдету аппараты және 70-тен астам төсек-орын оттегімен қамту жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Жеке оттегі жеткізу орталығы орнатылған. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бір ай бұрын құрылған 17 мобильді топ 1 мыңға жуық науқасқа үйлеріне барып, ем көрсеткен. Қауіпті індет жұқтырғандардың бірі Мырзабай Оңлабек ауруханаға дем жетпей, ауыр халде түскен. 80 жастағы ақсақал бүгінде жағдайының жақсарғанын айтады. Дертінен айығып, үйіне шығарылған зейнеткер бүгінде дәрігерлерге алғысын жаудырып отыр. «Қоғамдық бақылау» өкілдері аурухананың инфекциялық және провизорлық бөлімдерін аралап, жедел-жәрдем көлігінің және зертхана жағдайларымен танысып шықты. Олар сонымен қатар Түркістан қалалық орталық ауруханасын да аралап көрді. Осыған дейін Орал, Талдықорған, Алматы облысы мен Шымкент қалаларында болған топ өкілдері медициналық ұйымдардың ахуалы мен дәріханалардағы баға тұрақтылығын қадағалауды және медицина қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оларға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан.


Соңғы жаңалықтар