Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік секторды цифрландыру жобасы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Корея Республикасы Үкіметі, Астана мемлекеттік қызмет хабы мен БҰҰ ДБ Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі мемлекеттік секторды цифрландыру жобасын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық Азия және Кавказ елдерінде мемлекеттік басқару жүйесіне инновациялары енгізу және мемлекеттік қызметтер көрсету саласын цифрландырумен айналысатын мемлекеттік қызметшілер мен практиктердің әлеуетін арттыру бойынша Корея Республикасы Үкіметі мен Астана мемлекеттік қызмет хабы бірлескен жобаға кірісті.

Үш жылға арналған жобаны хаб, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ), Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS) және Корея ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық агенттігімен (NIA) әріптестікте іске асырады.

Жобаны Корея Республикасы Үкіметі қаржыландырады.

Бұл жоба 2019 жылдың қараша айында хабтың басқару комитеті төрағасы Әлихан Байменов мырзаның Кореяға сапары барысында, оның MOIS және NIA басшылығымен кездесу кезіндегі хабтың бастамасы ретінде көтерілген.

Ал биыл шілдеде БҰҰДБ мен MOIS арасында «Мемлекеттік басқаруда инновацияларды дамыту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үшін әлеуетті нығайту» жобасын іске асыруға грант беру туралы келісімге қол қойылды.

24 тамызда серіктестердің кездесуі кезінде ресми түрде жоба іске қосылып, тұсаукесері өтіп, мақұлданды.

Жоба жетекші кореялық сарапшыларды тарта отырып, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша зерттеулер, семинарлар өткізуді, Корея Республикасы мемлекеттік мекемелеріне таныстыру сапарларын ұйымдастыруды көздейді.

Жоба нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік басқарудағы қажетті инновациялық тәсілдерді жетік меңгеріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің түрлі әдістерімен танысып және оларды өз елдерінде енгізу үшін қажетті білім мен дағдыға ие болады деп күтілуде.

Жалпы жоба азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың мемлекет институттарына деген сенімін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған.


Соңғы жаңалықтар