Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың құрылуы корей түбегіне үлгі бола алады - Тілеуберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың құрылуы корей түбегіне үлгі бола алады. Бұл туралы «Орталық Азия - Оңтүстік Корея» 12-форумында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Корей түбегіндегі оң өзгерістерді де байқап отырмыз. Қазақстан корей түбегіндегі «бейбіт процесті» және Сеулдің корейаралық қатынастарды дамыту әрі өңірдегі шиеленісті төмендету саясатын қолдайды. АҚШ пен КХДР арасында 2018 және 2019 жылдары өткен саммиттер тараптардың ашық текетірес пен өзара айыптау дәуірін аяқтауға ниетті екендігін көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстан да КХДР-дің ядролық мәселелері төңірегіндегі ағымдық проблемаларды қызығушылық танытатын барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, диалог арқылы бейбіт жолмен ғана реттеуге болады деп санайды», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Осы орайда министр Қазақстан үшін ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізу басты басымдық саналатындығын баса айтты.

«Қазіргі әлемде қарудың осынау түріне иелік ету кейде үстемдіктің көрсеткіші болып саналмайды. Қайта жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастыққа кедергі тудырады. Осыған орай Орталық Азияда ядролық қарудан азат бірегей аймақтың құрылуы корей түбегі өңірі үшін де үлгі қызметін атқара алады», - деді министр.

Айта кетейік, шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлері қатысуда. Ал Түрікменстан тарапынан Қазақстандағы Елшісі келген.

Соңғы жаңалықтар