Орынбек Жолдыбайдың «Жолдас болсаң жақсымен...» атты жаңа кітабы жарық көрді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Елордадағы «Фолиант» баспасынан журналист, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Орынбек Жолдыбайдың «Жолдас болсаң жақсымен...» атты жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көлемі 33 баспа табақты құрайтын, 525 беттен тұратын қомақты кітап бес бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, еліміздің танымал тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен әдебиетшілер туралы жазған толымды мақалалары «Келбет» деген атаумен топтастырылған. Ал «Сәті түскен сұхбат» айдарында белгілі азаматтармен жүргізген сұхбаттары беріліп отыр. Замандастарының оқырмандарға ұсынған жаңа кітаптары жөнінде жазған ой-толғамдары «Жаназық» тақырыбы бойынша біріктірілген. Ел ағаларының, әріптестері мен достарының және ағайын-туыстарының жақсылықтарына орай жүректен шыққан жырлары «Арнаулар» бөлімінің арқауына айналған. Орынбек Ендібайұлының өзі және оның шығармашылық жетістіктері жайлы жазған қаламгерлер де аз емес. Осы бағыттағы ой-пікірлер «Достар лебізі» атты бөлімде жарияланған.

Автор өз мақалаларында қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қозғайды. Сұхбаттасқан адамының кісілік келбетін, адами қасиеттерін, жүрегіндегі сырларын аша біледі. Ал әріптестері Орынбек Ендібайұлының еңбекқорлығын, адалдығын жоғары бағалайды.

Бұл кітаптың оқырман үшін құндылығы – оның шынайылығында, қаламгердің журналистік қызметке деген адалдығында. Кітаптың атауы айтып тұрғандай, «Жолдас болсаң жақсымен», өзің де елге сыйлы боласың, өмірің өнегелі, төңірегің берекелі болатыны сөзсіз. Жан-дүниесі рухани бай адамның қоғамға да, халыққа да пайдасы мол. Автор қалам тартқан мемлекет қайраткерлерінің өмір және еңбек жолы, парасатты ой-толғамдары жас ұрпаққа үлгі-өнеге болады деп ойлаймыз.

Айта кету керек, Орынбек Жолдыбай 1949 жылы Түркістан облысының Ащысай кентінде дүниеге келген. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Қазақ телевизиясында, «Ақиқат» журналында еңбек етті. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Президент Әкімшілігі мен Министрлер Кабинетінің аппаратында, Парламент Сенатының аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Қазір зейнеткерлік демалыста.

Қаламгердің «Замана келбеті» (2004), «Уақыт лебі» (2005), «Өткен жылдар өрнегі» (2009), «Жан сырым» (2009), «Академик Р. Бердібай зерттеулеріндегі түрікшілдік сарындары» (2010) атты еңбектері жарық көрді. Ол қазақтың XIX ғасырдағы халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Құлыншақ Кемелұлының ел аузында жүрген шығармаларын жинақтап, құрастырды және кітап түрлі баспалардан төрт мәрте жарық көрді. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов туралы «Азамат ажары» атты кітапты құрастырып, жарыққа шығарды.


Соңғы жаңалықтар