ОСК Сенат депутаттығына кандидаттардың сайлау қорын бекітті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау қоры туралы ақпаратты түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОСК отырысында сөз сөйлеген Сәбила Мұстафинаның айтуынша Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың сайлау қоры:

- жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең төменгі жалақының екі жүз есе мөлшерінен аспауы тиіс кандидаттың меншікті қаражаты. Бұл - 8 500 000 (сегіз миллион бес жүз мың) теңге;

- жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бес жүз еседен артық аспауға тиіс Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтары. Бұл 21 250 000 (жиырма бір миллион екі жүз елу мың) теңгені құрайды.

«Белгіленген мөлшерден тыс түскен ақшалай қаражат сайлау қорына есептелуге жатпайды. Оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен жабылады», - деді ол.

Айта кетейік, осы жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы қаулысы шыққан еді.

Осыған орай ҚР Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимде отырысы өтіп, онда сайлауға қатысты күнтізбелік іс-шарлар жоспары бекітілген. 13 маусымнан бастап Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталды. Сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптар жария етілді.


Соңғы жаңалықтар