Өскеменде көпқабатты жаңа үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түскен

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы бұзылып, түсіп жатыр. Наразылық білдірген тұрғындар құзырлы органдарға арыздануда. Ал шаһар әкімдігінің мәліметінше, бұл үй мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен салынбаған.

21 сәуір күні Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 9 қабатты тұрғын үйдің қабырғасына қапталған материал бұзылып, түсіп жатқандығы туралы видео әлеуметтік желілерде қызу талқыға салынды. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі аталмыш үйге барып, тұрғындармен тілдесіп көрді.

«Баспаналы болдық» деп бөркімізді аспанға атып жүрсек, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Үйдің сапасы сын көтермейді. Сыртын қаптаған материал кеше түстен кейін бұзылды. Бұл деген сұмдық қой! 2019 жылы пайдалануға берілген үй 2 жылға жетпей осындай болып жатса, алдағы уақытта не күтуге болады?! Сондықтан үйді салған компанияны жазаға тарту керек!» - деді қала тұрғыны Бақытбек Әміренов.

Жұрттың көбісі баспананы ипотекалық бағдарлама арқылы алған екен. Наразылығын білдірген олар құзырлы органдарға барып шағымдануда.

«Көпқабатты тұрғын үй мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен салынбаған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың қатысы болған жоқ. Қаржы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ тарапынан бөлінген. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аталған компания Отбасы банкімен келісім жасасты», - деп хабарлады шаһар әкімдігі.

Қазіргі уақытта әкімдік аталған мәселеге орай арнайы комиссия құрды. Үйге зерттеу жүргізіліп, кемшіліктер түгел анықталмақ.





Соңғы жаңалықтар