Өскемендік полицейлер суда ағып бара жатқан жігітті құтқарды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының полиция қызметкерлері суда ағып бара жатқан жігітті құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтардың 11-інде түнгі сағат 23.40-та «102» арнасына ер адамның Понтон көпірінен секірмекші болып тұрғандығы туралы хабар түскен. 2 минуттың ішінде оқиға орнына полиция лейтенанты Мейірхан Рақышев пен полиция кіші лейтенанты Бауыржан Ризабеков жетті. Олар көпірдің қоршауынан бір қолымен ұстап, өзенге секіргелі тұрған ер адамды көрген.

«Тәртіп сақшылары оны ұстап қалуға тырысқанымен жігіт көпірден өзенге құлайды. Полицейлер судың ағыны жігітті төмен қарай алып кеткендіктен жағалау бойымен жүгірген. Шамамен 900 метр жүгірген соң «көмектесіңдер, мен тоңдым« деген жігіттің дауысын естіп, ойланбастан суға түсіп, құтқару арқанына байланған шеңберді лақтырады. Сөйтіп шеңберді ұстап үлгерген ер адамды судан жағалауға шығарып, бірден жедел жәрдем шақыртқан», - деп хабарлады қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Анықталғандай, 26 жастағы тұрғын мас күйде болған. Ол өз әрекетінің себебін түсіндіре алмады.


Соңғы жаңалықтар