Отан қорғаушы елін қорғайды, мемлекет ерін қалай қолдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін - Отан қорғаушы күні. Өйткені, осыдан тура 28 жыл бұрын еліміздің Мемлекеттік қорғаныс комитеті ҚР Қорғаныс министрлігі болып қайта ұйымдастырылды. Дәл осы күні ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Қарулы күштері құрылды. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Ал басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып, генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалған еді.

Ал 2012 жылдың 3 мамырында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» Бұйрыққа қол қойды. Осы бұйрыққа сәйкес, қазақстандықтардың ерлікке толы шежіресін және Отанға қызмет ету дәстүрінің сабақтастығын сипаттайтын 7 мамыр - Отан қорғаушы күні ретінде еліміздің мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Қазақстан мемлекеттігін дамытудың Тәуелсіздік жылдары ішінде әрдайым қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия кұруға ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті, аға буынның батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің жоғары адамгершілік мектебі ретінде қалыптасып та үлгерді. Әскери қызметшілер жоғары кәсіби даярлық, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін керсетуде. Дәл осы атаулы дата қарсаңында Мемлекет басшысының еліміздің тыныштығын, Отанымыздың жерін, шекарасын қорғау жолында ерен еңбегімен, еліне де деген қапысыз қызметімен ерекшеленген әскери қызметшілерге әскери шендер берумен қатар ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді ордендермен, медальдармен марапаттау дәстүрі қалыптасып үлгерді.

Бүгінде «Отан үшін жаным пида» деп жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігімізді қорғау жолында жан аямай қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер өздерінің азаматтық, әскери парыздарын абыроймен атқарып жүр деп толықтай айта аламыз. Иә, ерлер елін қорғауда, елі ерлерін қалай қолдауда? Осыған орай бүгінде мемлекет тарапынан әскерилерге қандай қолдау көрсетілетіндігін шолып көруге тырыстық.

«Өз үйім - өлең төсегім» қашан болар екен деп жүрген әскери қызметшілердің де легі қалың екендігі айтпаса да түсінікті. Осыдан екі жыл бұрын бірнеше ондаған мың әскери қызметшінің жекеменшік баспанасы жоқ екендігі айтылған болатын. Олардың басым бөлігі жабық қалашық аумағындағы үйлерде, әскери қызметшілерге арналған жатақханаларда не болмаса пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал оларды қалай тұрғын үймен қамтуға болады? Айта кетерлігі, пәтер жалдап жүрген әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне қарай баспана жалдауға 2012 жылдан бері мемлекет тарапынан өтемақы төленіп келген еді. Бірақ, соңғы уақытта баспана жалдау өтемақысы тұрғын үй төлемі деп өзгертіліп отыр. Ал енді осы төлемді әскери қызметшілер ипотекалық кредитті пайдалана отырып, тұрып жатқан үйін меншікке алуға, бұрын алынған ипотекалық кредитті өтеуге, тұрып жатқан пәтерінің жалға алу ақысын төлеуге, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыра алады. Осы орайда Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тарапынан 2018 жылы ұсынылған «Әскери баспана» бағдарламасы әскери қызметшілер тарапынан зор сұранысқа ие болғандығын атап өткен орынды. Сол жылдың өзінде әскери қызметшілер 70 мың арнайы есепшот ашып, тұрғын үй төлемдерін сол жерге жинай бастады. «Әскери баспана» бағдарламасының шарттары бойынша пәтер құнының 5 пайызын ғана жинаған әскери қызметшілер жылдық 7 пайыздық ставка бойынша несие ала алады. Шарт бойынша пәтерді тек бастапқы нарықта сатып алуға болады: пәтер құнының 20 пайызын жинағандар құрылыс салушыдан жылдық 6%-бен жаңа тұрғын үй сатып алуға несие рәсімдей алады. Екінші нарықта тұрғын үй сатып алғысы келетін әскери қызметшілер жылжымайтын мүлік құнының 20 пайызын енгізуі тиіс, ал несие бойынша жылдық мөлшерлеме 8 пайызды құрайды. Бүгінде бұл бағдарлама арқылы бірнеше мың әскери қызметші баспаналы болды.

Мұнан бөлек, әскери қызметшiлердiң, соның iшiнде қызметтен өту кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшiлердiң балаларына атқарушы органдар тұрғылықты жерi бойынша мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнде кезектен тыс орын бередi. Оның ақысы мемлекеттiк мектеп жасына дейiнгi мекемелер үшiн белгiленген мөлшерде алынады. Әскери қызметшілердің медицина мекемелерінде ем-дом алуы да мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Парызын өтеу барысында жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер Қарулы Күштердің қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі.

Әскери қызметшілерге жарылу қаупі бар заттарды және өзге де жарылғыш құрылғыларды іздеу, тасымалдау, залалсыздандыру және жою жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тәулігіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді.

Радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты лауазымдарда қызмет өткеретін, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға және объектілерде радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты апат салдарларын жою жөніндегі жұмыстарға уақытша тартылатын әскери қызметшілерге нақты жұмыс істеген уақытына тепе-тең ұзақтығы жылына 12 тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі.

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қашықтығы 100 шақырымнан астам бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызмет бабымен ауысқан кезде (оның ішінде әскери бөлім немесе бөлімше құрамында) оларға әскери қызметшінің өзіне екі айлық ақшалай қаражат және онымен бірге қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне айлық ақшалай қаражаттың жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақысы төленеді.


Соңғы жаңалықтар