Отбасы мен жемқорлық арасындағы байланыс қандай - Олжас Бектенов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда әйелдердің рөліне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өздеріңізге мәлім, жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, барлық адамгершілік құндылықтарды тоқырауға әкелетін әлеуметтік кесел. Отбасы құндылықтары мен сыбайлас жемқорлықтың қандай байланысы бар? Қазіргі отбасы жемқорлықты жеңуге қаншалықты дайын? Отбасылық дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдениет баланың бойында жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қалыптастыра ала ма? Жалпы, әр отбасы қоғамды «жегідей жеген жемқорлықты» қалай қабылдайды? Отбасы адамгершілік-әдеп нормаларын бұзатын жемқорлықтан жирене ме? Бұл сұрақтардың барлығы жемқорлықтың алдын алудағы отбасының рөлін байыппен сараптауды талап етеді»,-деді Олжас Бектенов.

Оның сөзінше, тарихта жемқорлықтың құрсауында қалып, дағдарысқа ұшыраған мемлекеттер туралы мысалдар көп. Жемқорлық адамның баққұмарлық, мансапқорлық, ашкөздік, екіжүзділік және т.б жағымсыз қылықтарының салдарынан туындайды. Ол билік пен халық арасындағы қоғамдық қарым-қатынастардағы олқылықтармен ғана емес, тәлім-тәрбиедегі шикіліктермен де ұштасып жатыр.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді халқымыз. Әкенің ақылын құлағына құйып, ананың мейіріміне бөленіп өскен баланың «ардан аттауы» екіталай.

Отбасында немесе өскен ортасында «бармақ басты, көз қыстымен» алған заңсыз параны әжетіне жаратып, мемлекет қазынасын заңсыз баю көзіне айналдырған жымысқы әрекеттерді көрген баланың сол әрекеттерді өскенде қайталамасына кім кепіл?

Ата-бабамыз ғасырлар бойы ұрпағын ұрлық-қарлықтан, жағымсыз қасиеттерден аластату үшін «ала жіптен аттама», «ұят болады» және «обал болады» деген бір ауыз сөзбен тыйып отырған.

Баланың бойына әу бастан адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңіріп, шыншыл етіп тәрбиелеу өте маңызды.

«Ұлы ұстаз әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі»,- деп өсиет қалдырған.

Қазіргі таңда сән-салтанатқа толы аста–төк өмірдің әлеуметтік желіде сәнге айналуы – қарапайым өмірдің қадірін кетіріп, «көрпеге қарай көсілу» деген ұғымды ұмыттыра бастағандай.

Адамдардың мүмкіндігі мен қоғамның жоғары талаптары арасындағы алшақтық жұртты қандай жолмен болса да ресми табысымен сәйкес келмейтін өмірге ұмтылуға итермелеуде. Бұл бүгінгі қоғамның ең үлкен проблемаларының бірі.

Осы ретте, әйел мен отбасы институты жемқорлыққа қарсы мәдениет пен жағымды орта қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.

Әлемдік тәжірибе

Әр жылдары жүргізілген халықаралық зерттеулер әйелдер заңсыз әрекеттерге еркектерге қарағанда сирек баратынын көрсетеді. Себебі олар алдымен отбасы мен бала-шағасының амандығы мен қауіпсіздігін ойлайды.

Мысалы, Дүниежүзілік банк Еуропаның, Африка мен Азияның 150 елінде арнайы зерттеу жүргізген. Оған қоса, Америка экономистері де Еуропаның 17 елінде осы мәселені зерделеген. Зерттеулердің қай-қайсысы да әйелдердің саясатта неғұрлым көп болуы сол елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне тікелей ықпал ететінін көрсеткен.

Норвегиялық зерттеушілер де заңнамалық органдар мен өзге де саяси лауазымдарда әйелдер көбірек болса, жемқорлықты жүйелі түрде тоқтатуға болатыны туралы байлам жасаған.

2007 жылы Перу билігі сынақ ретінде полиция қызметіне қосымша 2,5 мың әйелді тартқаннан кейін, құқық қорғау органдарындағы парақорлық бірден азайған.

Сондай-ақ, жемқорлық деңгейі төмен елдерде саяси лауазымдарда әйелдердің басым екенін атап өткен жөн.

Біздің елдегі жағдай

Халықаралық зерттеулердің нәтижелері Қазақстанда да расталып отыр.

Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,5%-ға, сондай-ақ саяси лауазым иеленген әйелдердің үлесі 39,8%-ға жетіп отыр. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қозғаған істер бойынша сотталғандар арасындағы әйелдердің үлесі 18% (2017 – 154, 2018 – 158, 2019 – 114, 2020 – 141, 2021 жылдың 3 айында – 20).

Осылайша, тәуелсіз зерттеулер мен құқықтық статистика әйелдердің ерлерге қарағанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға тартынатынын көрсетеді.

Дегенмен, ер-азаматтардың шешіміне әйелдері мен отбасы да біршама ықпал ететінін атап өткен жөн.

Әрине, әркім өз іс-әрекетіне жеке жауап беретіні сөзсіз. Алайда, әрбір сыбайлас жемқорлық фактісіне үшінші тарап пен жақын туған-туыстарының дүние мен байлыққа құмарлығы итермелейді.

Заңсыз игілік алу – отбасы мүшелерінің талаптарымен немесе олардың үнсіз келісімімен іске асады.

Ұлы ойшыл Шәкәрім «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл, ар жолдан айнымай, ар сақта, оны біл» деген.

Егер мемлекеттік мүдде туралы сөз етсек, Қазақстанның табысты жаңғыруы елдің идеологиясы мен адамгершілік құндылықтарын ұрпақтар бойына ерте жастан сіңіруіне байланысты.

Заңғар жазушы М.Әуезов: «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деп бекер айтпаған.

Осындай басым бағыттың бірі – жемқорлықтан жиренетін өскелең ұрпақ тәрбиелеу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлықтың алдын алудағы тәрбиенің маңыздылығын терең түсінеді. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігімен, өзге де мемлекеттік органдармен және қоғам белсенділерімен бірлесіп оқушылар, студенттер мен оқытушылар арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырады.

Әрине, бала тәрбиесі мен әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуына отбасы айрықша ықпал етеді.

Біздің ойымызша, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту, отбасылық және гендерлік саясатты дамыту сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге септігін тигізеді.


Соңғы жаңалықтар