Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарын анықтаудың алгоритмі әзірленді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отбасында зорлық-зомбылық көріп жүрген жандар полицияға арнайы құпия сөз арқылы басында болған жағдай туралы айта алады. Құпия сөзді полиция инспекторларынан сұрап біле алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі полицияға хабарласуға мүмкіндігі болмай отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүрген жандарды анықтаудың арнайы алгоритмін әзірледі. Яғни зорлық-зомбылық құрбаны құпия сөздер арқылы болған жағдай туралы хабар жеткізе алады. 102-ге хабарласып операторға жасырын сөздерді айтады, оператор өз кезегінде шұғыл шара қабылдап, тұрғынның қайдан хабарласып тұрғанын анықтап, оқиға орнына тәртіп сақшыларын жібереді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағамбетов брифингте.

Зорлық-зомбылық құрбандары полицияға хабарласқанда айтатын құпия сөзді учаскелік инспекторлардан біле алады.

«Қандай құпия сөз екенін біз көпшілікке ашық түрде айта алмаймыз. Кейде полицияға тікелей хабарласып айта алмаған жандар психолог, дәрігерлер немесе 103 каналы арқылы өз жағдайы туралы жеткізіп жатады. Таяуда ғана бір әйел құпия сөз арқылы полицияға хабарласты. Жедел жасақ барған кезде әйелдің 7 баласы бар болып шықты. Анықталғандай әйел отбасында зорлық-зомбылықтың бірнеше жыл бойы құрбаны болып келген. Айыпты 5 тәулік қамауға алынып, іс қаралып жатыр», - дейді елорданың полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Шырахметова.


Соңғы жаңалықтар