Өткен тәулікте Ақтөбеде 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Өткен тәулікте Ақтөбеде 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазиннің айтуынша, қазір отбасы мүшелерінің бәрі бір мезгілде ауырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте өңірде 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданының тұрғындары аурудың симптомды түріне шалдыққан. Аурушаңдықтың өсу деңгейі - 0,2% құрайды. Жалпы облыста 3904 жағдай тіркелді. Оның 95 пайыздан астамы жазылды. Қазір 300-ден астам адам үй карантинінде. Олар дәрігерлер бақылауында.

«Күн сайын орта есеппен 10 адам түсіп жатыр. Көбі 70-80 пайызы егде жаста. Қан қысымы, қант диабеті, өкпе ауруының созылмалы түріне шалдыққандар үшін коронавирус инфекциясын көтеру қиын. Өлім-жітім де осы топтағы адамдар арасында тіркелуде. Көбі сол созылмалы ауруым белгі берді деп, алданып қалады. 10-15 күн, кейбірі бір ай өткенде дәрігер көмегіне жүгінген. Учаскелік дәрігерге қаралмайды. Қаңтар айында жасөспірімдер арасында да коронавирус инфекциясы, пневмония тіркелді. Жаз айларында өте сирек кездесетін әрі олар дертті жеңіл өткерді. Қазір олар да ауруханаға түсіп жатыр. Жүкті әйелдер де аса сақ болуы керек. Олар әлеуметтік арақашықты сақтамайды, дүкен аралап жүреді. Қонаққа баруға, қыдыруға болмайды. Қазір бүтін отбасымен ауыратындар бар. Ата-әжесінен бастап, бала-немересімен дәрігер көмегіне жүгінеді. Сұраған кезде қыдырғанын растайды. Күнде ескерту берсек де құлақ аспайтыны масқара жағдай», - деді облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин.

Инфекционист тек өкпені емес, өзге дене мүшесінің зақымданып жатқанын алға тартты.

«Вирус тек өкпені емес, өзге ағзаны әлсіретті. Үрейде отырмыз, британдық штамм туралы да айтып жатыр. Тез таралады. Сондықтан барынша сақ болуға шақырамыз. Ең оңай әрі нәтижелі сақтық – әлеуметтік арақашықтық. Маска тағу, қолды жуу», - деді Мейрамбек Құрманғазин.


Соңғы жаңалықтар