Өткен жылы Алматыда 2,5 мың отбасы баспаналы болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Былтыр Алматыда қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары бірнеше мемлекеттік және қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша жүзеге асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қолға алынған «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 949 пәтер берілді.

Бұл бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар мен БАҚ-та жұмыс жасайтын жастар, сонымен қатар ЖОО мен ҒЗИ қызметкерлері қатысты.

Тағы 432 пәтерді «Шаңырақ» бағдарламасының шарттарына сәйкес кезекте тұрғандар алды, ал 360 отбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген несие шарттары бойынша баспаналы болды.

Көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған үйелмендер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл ішінде 365 пәтер алды.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан 429 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларға бөлінді.

2020 жылы 2535 алматылық отбасы қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасады.

Бағдарламалардың шарттары мен ағымдағы хабарландырулармен Алматы қаласы тұрғын үй саясаты департаментінің uzh-almaty.kz сайтында танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар