Отырар тұрғыны карантинге қарамастан 60 адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырған

None
None
ОТЫРАР. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері карантинге қарамастан көкпар өткізген тұрғынды жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат обылстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында карантин талаптарын сақталуы тиісті органдардың қатаң бақылауында. Оның ішінде Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері арнайы құрылған мобильді топтармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.

Мәселен, Отырар ауданының полицейлері карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзып, көкпар ұйымдастырған тұрғынды анықтады.

Нақтырақ айтсақ, Қарғалы ауылдық округіне қарасты «Қанттоғай» аумағында жергілікті тұрғын «Бата көкпар» жасаған. Мобильді топ бірден шоғырланған адамдар тобын тарқатты.

Тәртіп сақшылары іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру әңгімелерін өткізді.

Сондай-ақ шектеу шараларын бұза отырып, 60-тан астам адамды жинаған көкпар ұйымдастырушысын жауапқа тартты.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес Түркістан облысының аумағында халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған карантин режимі енгізілген.


Соңғы жаңалықтар