Өзбек сенаторларын Қазақстанмен арадағы әуе рейстерінің бағасы алаңдатып отыр
Әуе билеттерінің қымбаттығына байланысты тиісті сенаторлық сауал Өзбекстанның Монополияға қарсы комитетінің төрағасына жіберілді.
«Бүгінде ұшу уақыты 1 сағат 10 минут болатын Ташкент–Алматы бағыты бойынша бір бағыттағы әуе билетінің бағасы 4 млн 700 мың сумды құрайды. Ал ұшу уақыты 3 сағат 40 минут болатын Ташкент–Мәскеу бағыты бойынша авиабилеттің бағасы 4 миллион 200 мың сум, Ташкент–Рига бағыты бойынша – 2 миллион 800 мың сум (ұшу уақыты - 5 сағат 30 минут) және Ташкент – Нью-Йорк бағыты бойынша 6 миллион 500 мың сум (ұшу уақыты-12 сағат). Бұл ретте ұшақтың түрлері бірдей», - делінген ресми сауалда.
Тиісті талдау және халықпен тікелей диалог негізінде депутаттар Қазақстанмен арадағы әуе рейстерінің бағасы тым жоғары екеніне алаңдаушылық білдірді.
«Көріп отырғанымыздай, ұшу уақыты 1 сағат 10 минут болатын Ташкент-Алматы бағыты бойынша бір бағыттағы әуе билетінің бағасы бірнеше сағатқа ұзағырақ ұшатын рейстерге белгіленген бағадан едәуір жоғары. Бұл түсініксіз жағдай, артық шығын шығаруға мәжбүр болған азаматтарымыз үшін қиындықтар туғызады», - деп атап өтті өзбек сенаторлары.
Мәдибек Жәнібеков