Өзбекстанда депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды науқаны басталды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – 18 қараша күні Өзбекстанда Олий Мажлистің Заң шығарушы палатасына, сондай-ақ жергілікті кеңестерге депутат болуға кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

ӨР Сайлау кодексінің 44-бабына сәйкес, сайлау алдындағы науқан кандидаттарды тіркеудің соңғы күнінен кейінгі күні басталады. Сайлау күні және сайлау алдындағы тыныштық күні үгіт жүргізілмейді.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда депутаттарға дауыс беру 22 желтоқсанда өтуі тиіс. Елдің Орталық сайлау комиссиясы биылғы науқан бұрынғыдан өзгерек екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, биылғы науқан мен дауыс беру ӨР Сайлау кодексі негізінде өткізіледі. Оған сәйкес, елдің бес саяси партиясы кандидат ұсынып отыр. Олар: Өзбекстанның «Ұлттық жаңғыру» демократиялық партиясы, Өзбекстанның Халық-демократиялық партиясы, Кәсіпкерлер мен іскерлер қозғалысы - Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы, «Әділет» социалды-демократиялық партиясы, Өзбекстанның Экологиялық партиясы.

Сайлау кодексіне сәйкес, дауыс беру үшін бірыңғай сайлау бюллетені енгізіліп, «сайлау парағы» ұғымы жойылды.

Сайлау және оған дайындық науқанын 50-ге жуық ел мен халықаралық ұйымдардың 600-ден астам бақылаушысы бақылап отырады.

Елде 16 мың сайлау округі мен учаскелік комиссиялар құру жоспарланған.

Авторы: Мирас Қуандықов

Соңғы жаңалықтар