Өзбекстандағы Қазақстан жылы: Ташкентте Роза Рымбаеваның концерті өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкентте Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның жеке концерті өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазақконцертке» сілтеме жасап хабарлайды.

«Түркістан» концерт залында Роза Рымбаева тыңдармандардың сүйікті әндеріне айналған өзінің танымал туындылары мен жаңа шығармаларын орындап көрерменннің ыстық ықыласына бөленді. Концертте белгілі композиторлар Жеңіс Сейдуллаұлы мен концертмейстер Еркін Ынтықбаев өнер көрсетті. Көрермендер қатарында Өзбекстанның Мәдениет министрі Бахтиёр Сайфуллаев, ҚР Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ Өзбекстанның өнер жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері болды.

«Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында көптеген мәдени жобалар жүзеге асырылды. Ғасырлар бойы қалыптасқан екі ел арасындағы достық, бауырлас халықтарымыздың жақындастығы өте жоғары деңгейде. Бүгінгі концертте соның айқын көрінісі», - дейді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы.

Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 6 қарашада дәл осы Түркістан залында Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың концерті болады. Аталған концертке «Астана сазы» этно-фольклорлық мен «Saz&soul» вокалдық-аспаптық ансамблдері қатыспақ.

Еске сала кетсек, Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында осыдан бір ай бұрын «Жапон күзі» фестиваліне орай Қазақстан, Өзбекстан және Жапонияның белгілі әртістері бірлесіп Ташкентте концерт өткізген болатын.

Соңғы жаңалықтар