Өзбекстандық ақын, депутат қандасымыздың жаңа кітабы жарық көрді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Допингпен ұсталғандардың нәтижесі жойылып, қазақ палуанға атақ берілді - Kaznews

Осы аптада Моңғолияның бірнеше ұлттық мерекесінде күреске қатысқан 9 палуанға мемлекеттік атақ беру және 3 палуанның мемлекеттік атағына дәреже қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды Kaznews.

Салтанатты рәсімге Моңғолия Президентінің Әкімшілік басқармасының басшысы Я.Содбаатар, Моңғолия вице-премьер министрі С.Амарсайхан қатысқан.

Айта кетейік, Мұстафа Нұрланұлы 2019 жылғы мерекеде бесінші кезеңде мемлекеттік арыстан дәрежелі Э.Оюунболдтан жығылған болатын. Кейін Ұлттық күрес федерациясы Э.Оюунболдтан допинг табылғанын хабарлаған еді.

Сот үкімі бойынша допингтен ұсталған палуандардың нәтижесі жойылып, ұтылған палуандарға атақ, дәреже қайтадан берілді.

Моңғолияның Ұлттық мейрамын ұйымдастыру комитетінің қаулысы бойынша мемлекеттік арыстан Б.Содномдоржге «Үлэмж бадрах», Б.Эрдэнэхүү, Мұстафа Нұрланұлы, Б.Суманчулуун қатарлы мемлекеттік лашын дәрежелі палуандарға «Өсөх идэр» дәрежесі қосылған марапатын табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, Баян Өлгей аймағының Делүн сұмынының (кентінің) тумасы, Мұстафа Нұрланұлы 2020 жылы ұйымдастырылған Моңғролияның мемлекеттік мейрамында үшінші кезеңде мемлекеттік «піл» дәрежелі палуан Б.Соронзонболдты жеңген. Ал, төртінші кезеңде мемлекеттік «қаршыға» дәрежелі палуан Н.Золбооны, бесінші кезеңде мемлекеттік «лашын» дәрежелі палуан Э.Энхбатты жығып, мемлекеттік «Лашын» атағына ие болған.

Өзбекстандық ақын, депутат қандасымыздың жаңа кітабы жарық көрді - «ӨзА»

Көп жылдар бойы білім саласында түрлі лауазымды қызмет атқарып, бүгінгі таңда саясат жолында жұмыс істеп келе жатқан қоғам қайраткері, ақын Ақшагүл Төлегенованың жаңа «Кафтимдаги қалдирғоч» (Алақандағы қарлығаш) атты кітабы жарық көрді, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Өзбекстан Жазушылар одағы мүшесі, қазіргі күнде Өзбекстан Олий мәжілісі заң шығару палатасының депутаты қызметіндегі ақынның кезекті кітабында көп жылдар бойы өзбекше, қазақша жазылған туындылары мен жаңа өлеңдері орын алған.

Uza.uz-ның дерегінше, Өзбекстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кітап «Кафтимдаги қалдирғоч», «Өзбек-өз ағам», «Дард – мехмон» сынды үш бөлімнен тұрады.

Айта кетейік, Ақшагүл Төлегенова 1964 жылы Науаи облысы, Карманин ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі (1994 жылы). «Еңбек даңқы» (2018 ж.) ордені иегері. 2021 жылы өткен «Алтын қалам» байқауының «COVID-19-дың Өзбекстанға әсері» атты таңдамалы шығармалар бойынша Еуропа Одағының алғыс хатымен марапатталған.

Қазақ және өзбек әдеби тілінде өзіндік шығармашылығын шыңдай білген ақынның қазірге дейін «Еркелегім келеді» (2002 ж.), «Сағыныш» (2006 ж.), «Біздің үйге қарлығаш ұя салған» (2016 ж.), «Дард – мехмон» (2021 ж.) кітаптары оқырманға жол тартқан.

«Осы орайда қадірменді оқырман ақын Ақшагүл Төлегенованың жаңа кітабында Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын Есенғали Раушановты жоқтап жазған өлеңін ұсынбақпыз...», деп жазды «ӨзА».

Айта кетейік, аталған жазба қазақстандық ақын Есенғали Раушановтың қазасына орай жазылған Ақшагүл Төлегенованың «Мен бүгін жылап тұрдым» деген өлеңімен түйінделген.


Алтайдағы дене шынықтыру сабағы желі қолданушыларын қызықтырды - CNR

Бірнеше күн қар жауғаннан кейін, Алтай қаласындағы орта-бастауыш мектептер дене шынықтыру пәнін тау шаңғысы курортына ауыстырып, оқыту сапасын арттыру мақсатында шаңғымен дене шынықтыруды бастады, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

«Алтай қалалық №2 орта мектептегі 90-нан астам оқушы кәсіптік жаттықтырушының нұсқауымен шаңғы тебу жаттығуын жасады. Олар шаңғы теуіп жүргендегі сәттерінен суреттер мен видеоларды әлеуметтік желіге жүктеген. Оны көрген желі қолданушылары спорттың осы түріне қатты қызығушылық танытып, көптеген пікірлер қалдырған» деп жазады қытайлық БАҚ.

kazakcnr.com-ның келтірген дерегіне сүйенсек, Алтай қаласы шаңғы тебуді орта-бастауыш мектептердің дене шынықтыру пәніне енгізген соң оқушылар тау шаңғысын тебуді үйренумен бірге өздеріне жаңа достар тапқан. Кейбір жасөспірімдер осы сабақтардан кейін болашақта кәсіби шаңғышы болғысы келетіндігін айтқан.

Айта кету керек, Алтай қаласы тау шаңғы тебудің алтын белдеуіне орналасқан. Қыс мезгілінде қардың қалыңдығы орта есеппен 1 метрден асады. Сондықтан Алтай қытайлықтардың ең сапалы табиғи тау шаңғы тебуге ыңғайлы өңірлерінің бірі болып саналады. Қазіргі кезде Алтай аймағы тау туризмы кәсібін бар күшпен дамытуда. Қар, мұз саяхаты Алтайдың туристік белгісіне айналды.

Таяу жылдардан бері Алтай қаласындағы бес мектеп дүйсенбіден жұмаға дейінгі сабақ уақытына сәйкес күніне 400 оқушыны ұйымдастырып, мектептен қар шаңғы алаңы аралығына автобуспен жеткізеді. Оқушылар «Жияң жуншан» шаңғы алаңына барып нұсқаушымен бірге шаңғы тебеді. 2018 жылдан қазірге дейін жалпы 46 мың 300 адам рет қарда шаңғы тебу жаттығуына қатысқан.


Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығы артуда - TRT

Түркия мен Қазақстан арасында «Түркия-Қазақстан шекара маңындағы орталықтарды дамытуға ынтымақтастық келісімі» жасалды. Келісімге қол қою рәсімі Ыстанбұлда Түркия Сауда министрі Мехмет Муш және Қазақстан Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өтті, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, келісімге қол қою рәсімінен бұрын Түркия және Қазақстан делегациялар арасында кездесу болды. Кездесуден кейін Түркия-Қазақстан шекара маңындағы орталықтарды дамытуға ынтымақтастық келісімі жасалды.

Министр Муш түрік тарапының трансшекаралық сауданы дамытуда барынша көмек көрсетуге дайын екенін білдірді, бұл мәселе бойынша Түркияның үлкен тәжірибесін атап өтті.

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Түркия Республикасының Сауда министрі Мехмет Муш Қазақстан аумағында трансшекаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтарын дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.


Құрт - халқымыздың ең пайдалы дәстүрлі тағамы - CNR

Құрт халқымыздың денсаулыққа аса пайдалы ұлттық дастүрлі тағамының бірі. Құрт ақуызға бай құнарлы тағам. Сондықтан оның адам денсаулығына пайдалы бір қанша емдік қасиеті бар, деп жазады Қытайдың kazcnr.com ақпараттық порталы.

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, қазақ құртының адам денсаулығына пайдалы төмендегідей төрт түрлі емдік қасиеті бар екен.

«Біріншісі - құрт асқазанға тамақты сіңіреді, тамақтан кейін құрт жесеңіз астың қортылуын тездетеді. Ал екінші бір пайдасы құрт запыранды басады. Үшіншіден, құрт іш өтуді тоқтатады. Іші өткен адам күніне үш тал құрт жесе іші дереу тоқтайды. Құрттың төртінші бір маңызды қасиеті - үнемі құрт жесе денеге қажетті калций, мырыш, магний, фосфор сияқты минералды заттар толықтанады. Калцийдің ең негізгі қайнар көзі құрт. Сондықтан қазақтың осы бір ұлттық тағамын үнемі жеп тұруды ұмытпайық», деп жазады қытайлық БАҚ.


Қазақстан делегациясы 21-ші халықаралық тұрмыстық техника көрмесін тамашалады - Parstoday

Бұл туралы осы аптада ирандық Parstoday ақпараттық агенттігінде хабарланған болатын.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан делегациясы сәрсенбі күні Ирандағы халықаралық тұрмыстық техника көрмесін аралаған. 21-ші Халықаралық тұрмыстық техника көрмесін аралаған соң Қазақстан Елшісінің орынбасары Тұрмыстық техника өнеркәсібі қауымдастығының бас хатшысы Аббас Хашемимен кездесті.

«Бұрын Қазақстан мен Иран арасындағы сауда байланысы тек бидай мен металды импорттаумен шектеліп келсе, енді тұрмыстық техника саласында көбірек ынтымақтастық орнатуға талпынамыз»,- деді Қазақстан Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Тұрмыстық техника өнеркәсібі қауымдастығының бас хатшысымен кездесуінде.

Хашеми де бұл кездесуде Қазақстанның 18 миллиондық нарығын Иранның тұрмыстық техника экспорттық нарықтарын дамыту үшін жақсы мүмкіндік деп атап өткен. Parstoday-дің дерегінше, 3 елде Иранның тұрмыстық техника құрастыру желісі бар. Енді Қазақстанда да жаңа құрастыру желісін іске қосылады.


Шанхайдағы импорт көрмесінде қазақстандық бизнес 100 млн долларға келісімшарт жасасты - «Халық газеті»

Шанхайда 4-ші Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) өз жұмысын аяқтады. Көрме жұмысының 6 күнінде 480 000-нан астам келуші, соның ішінде трейдер, өндіруші компаниялар, Қытай және басқа елдердің сауда желілері қатысты.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталында хабарланған болатын.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, қазақстандық павильон көрме жұмысы барысында агроөнеркәсіптік кешеннің жоғары сапалы өнімдерімен назар аудартты. ҚР павильонында 26 қазақстандық компания өз өнімдерін ұсынған. Көрме барысында Қытай мен Қазақстан бизнесі арасында В2В онлайн форматта келіссөздер жүргізіліп, 100-ден астам импорттаушылардан байланыс ақпараттары алынды. Көрме гибридті форматта өтті және өнім үлгілерін табиғи түрде орналастыру мен кәсіпорындардың қашықтықтан қатысуын көздеді.

«Көрме қорытындысы бойынша ҚХР-ға соя, жүгері, арпа, зығыр тұқымы, рапс майы, бидай кебегі түйіршіктері, сиыр еті, құрғақ түйе сүті және т. б. қазақстандық тауарларды жеткізуге келісімшарттарға қол қойылды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 105 млн АҚШ долларынан асты. Бірқатар компаниялар әлеуетті қытайлық сатып алушылармен келіссөздерді жалғастыруда», деп жазады people.cn.


Соңғы жаңалықтар