Өзбекстандық БАҚ өкілдері «Абай» медалімен марапатталды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Мұстафа Шентоп Қазақстанның тәуелсіздік күнімен құттықтады - TRT


Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі төрағасы Мұстафа Шентоп қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

«Мұстафа Шентоп құттықтауды твиттер арқылы жасады. Ол Қазақстан 29 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялағанын айта келіп, қазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтады.


Өзбекстандық БАҚ өкілдері «Абай» медалімен марапатталды - «ӨзА» ақпарат агенттігі


Ташкентте өзбекстандық БАҚ өкілдері «Абай» медалімен марапатталды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Қазақ елінің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің Бас ғимаратында шара өтті. Шарада бауырлас елдердің арасындағы достық қарым-қатынасқа дәнекер болып жүрген бір топ БАҚ өкілдеріне Абайдың 175 жылдығына арнап шығарылған «Абай» медалі тапсырылды.

Айтулы шараға Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Дархан Амангелдіұлы қатысып, сөз сөйледі.


Қазақстан Республикасы даму және өркендеу жолында - Kaznews


Моңғолияда шығатын Kaznewsақпараттық порталында осы аптада оқырмандарын қызықтыратындай бірнеше мақала мен ақпараттар жарық көрді. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасы: Даму және өркендеу жолында», «Жылдың үздік 10 оқиғасы», «Баян-Өлгий аймағы туралы 10 маңызды мәлімет» деген сынды материалдар жарияланды

Сондай-ақ, аталған БАҚ-та еліміздігі ең үлкен ЖОО-лардың бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасына арналған «Әлемге құшағын жайған факультет» атты мақала жарияланған.

Біз бүгін Моңғолиялық БАҚ-та басылым көрген «Қазақстан Республикасы: Даму және өркендеу жолында» атты көлемді мақалаға тоқтала кеткенді жөн санадық. Аталған жазбада, автор еліміздің тәуелсіздік алуынан бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері туралы кең көлемде сараптама жасаған.

«Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жас мемлекеттер қатарынан болса да, қысқа мерзім ішінде аса үлкен өзгерістерді енгізіп, тәуелсіз даму жолында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекеттің тағдырына байланысты басты маңызды құжаттар әзірленіп бекітілді. Қазақстан –әлем картасында шекарасы анық та айқын ел. Қазақстанда демократияның басты қағидаттарының негізінде жаңа саяси жүйе құрылып, тиімді мемлекеттік аппарат пен басқару құрылымы пайда болып, барлық мемлекеттік рәміздер қабылдады. Сондай-ақ, тиісті құқықтық актілер жасалып, даму процессі одан әрі жалғасын табуда», деп басталады аталмыш мақала.

Бұл аналитикалық жазба «Тәуелсіз мемлекеттің қайта құрылуы», «экономикалық реформа саясаты», «сыртқы саясат» және «Қазақстан мен Моңғолияның екіжақты қарым-қатынастары» деген төрт үлкен бөлімнен тұрады екен. Осы төрт бөлімде автор Қазақстан республикасының ішкі, сыртқа саясаттағы жеткен жетістіктері, экономикалық жақтағы өсуі жайында кеңінен тоқталады.

«...Осылайша, Қазақстанның экономикасы тұрақты өсіп, шетелдік сауда мен инвестицияның негізі нығаюда. «Сыртқы саясат – әр елдің ішкі саясатының айнасы» деген ұстанымға сәйкес, Қазақстанның көпжақты сыртқы саясаты өз халқының мәселесін шешуге бағытталып отырғанын байқауға болады. Соңғы 29 жыл ішінде жүргізілген Қазақстанның көреген және тұрақты сыртқы саясаты оның беделін арттыруға әсер етті. Қазіргі уақытта әлем халықтары Қазақстанды тек ғана табиғи ресурстары мен әлемнің алғашқы ғарышкерін Байқоңырдан ғарышқа ұшырған тәжірибесімен емес, рухани және материалдық құнды әрі бай мәдениетімен таныды», деп түйіндейді Kaznews-тегі мақала.


«Абай» Пекинде жарық көрді - Жэньминь жибао


Биыл қазақтың ұлы ақыны Абайдың туғанына 175 жыл толды. 10 желтоқсанда Қытайдағы ҚР Елшілігінде осы ақынның қытай тіліне аударылған «Абай» шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn.

«Абай» кітабына 145 өлең, үш поэма және «Қара сөздері» енген, олардың аудармасын 26 жыл бұрын Абай шығармаларымен жұмыс істей бастаған қытайлық көрнекті жазушылардың бірі - Мәжитұлы Әкпар жасаған.


«Әкпар Мәжитұлы сөз кезегінде, Абай өлеңдері мен қара сөздерінен қазақ халқының тілі мен мәдениетін, ұлттық мінезін, сондай-ақ дүниеге көзқарасын және рухани бейнесін көруге болады. Абай терең толғаныстар арқылы бай рухани әлемін қалыптастырған тұлға екенін айтты», деп жазады қытайлық БАҚ.


Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшісі Ғабит Қойшыбаевтың айтуынша, қытай жазушысы Әкпар Мәжитұлы екі ел арасындағы достықты тереңдетуге үлкен үлес қосты. Ол ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжитке екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі және Абай Құнанбайұлы мұрасын таратудағы қызметі үшін награда тапсырғанын атап өтті.


Бұл айтулы мәдени шараға қатысқан қытайлық әйгілі жазушы Уаң Мың, мемлекеттік жазушылар одағының орынбасар төрағасы Ли Жиңзы сөз сөйлеп, аталған кітаптың әдеби құнына жоғары баға берген.

Қазақстанның 2020 жылғы үздік өндіруші жүлдесі ирандық кәсіпкерге берілді - «Фарс» ақпарат агенттігі


Ирандық компания алғаш рет Қазақстанның 2020 жылғы үздік тауарлар жүлдесіне ие болды, деп мәлімдейді parstoday.com.

Ирандық ақпарат агентігінің хабарлауынша, Қазақстанда мақсары өсіріп, одан май алатын «Kaz-Ir AGRO» компаниясының директоры Хамидреза Әли Нақиан азық-түлік өнімдері саласында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрінен үздік өндіруші атағын алған.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің түрлі салаларында жұмыс жасайтын үздік 30 компанияны марапаттай келіп, коронавирус кезінде олардың жоғары сапалы өнімдерді ұсыну жолындағы талпынысына алғыс айтты», деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.


Соңғы жаңалықтар