Өзбекстаннан Достық каналы арқылы Қазақстанға секундына 80 текше метр су келуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстаннан Достық каналы арқылы Қазақстанға секундына 80 текше метр су келуде. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Түркістан облысына іс-сапарында айтты.

Бұл Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық өзендер бойынша нәтежиелі келісімге қол жеткізуінің арқасы, дейді министр орынбасары. Бұл суармалы су тапшылығы уақытында вегетация кезеңі қалыпты жағдайда екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Серік Қожаниязов Түркістан облысы Жетісай ауданында жергілікті диханшылар және аудан әкімдерімен бейнеконференция арқылы жиын өткізді. Онда Жетісай және Мақтаарал аудандарының ағын су мәселесі көтерілді. Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қыдырбек «Достық» магистралдық каналынан жазғы вегетациялық суару кезінде түрлі себептермен ауданға қажетті су көлемі жетпей қалатынын тілге тиек етті. Сол себептен аудан әкімі вице-министрден Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу үшін каналды қажеттілікке қарай қосуды сұрады.

«Суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесінде шешілуі тиіс өзекті мәселелер Жетісай ауданында да аз емес. Аудандағы 80 мың гектар суармалы егістік жерде 10 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 40 мыңға жуық тұрғынның күнкөрісі осы ауылшаруашылық дақылдарынан алынған өнім көлеміне байланысты. Жыл сайын мемлекетаралық «Достық« магистралдық каналынан жазғы вегетациялық суару кезінде түрлі себептермен ауданға қажетті су көлемі келмей қалу жағдайлары тіркеледі. «Достық» магистралдық каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу үшін машиналық каналды қосуды сұраймын«, - деді Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қыдырбек.

Алайда Серік Қожаниязов Сырдария өзені арқылы толтырылатын «Шардара« су қоймасының негізгі қызметі Түркістан және Қызылорда облыстарын ағын сумен уақытылы қамтамасыз ету екендігін айтты. Бұл ретте аталған екі ауданға да ағын суды жеткілікті пайдалану керектігін ескертті. Дегенмен көтерілген ұсыныс аталған каналда су тапшылығы болған жағдайда су бөлу жүйесіне сәйкес қабылданатынын мәлімдеді.

«Біз қазір судың аз циклындамыз. Сол себептен осы екі ауданға да жеткілікті мөлшерде ағын судың берілуін қамтамасыз ету үшін тиімді әрі үнемді пайдалануымыз қажет. Достық магистралды каналында ағын су жетіспеушілігі болған жағдайда «Машиналық әдіспен су көтеру« каналын қосу туралы шешімді алдағы күндері реттеу, бөлу жүйесіне сәйкес қабылдайтын боламыз»- деді вице-министр.

Бұдан бөлек жиында вице-министр ирригациялық жүйені және суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлады. Мәселен, қазіргі уақытта Қырғызстаның Тоқтоғұл су қоймасынан Сырдария өзенінің арнасына маусым-тамыз айларында 330 млн.м3 су көлемінде қосымша су жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Осы көлемдегі су Өзбекстан аумағы арқылы кедергісіз транзиті туралы келісімнің барын айрықша атап өтті.


Соңғы жаңалықтар